Дрондардың ұшуын регламенттейтін заң қажет

418
inform.kz

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде бірқатар технологиялық жаңалықтарды жүзеге асыру жоспарланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр Қазақстанға алғаш рет Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ІСАО) бас хатшысы Фан Лю келген болатын. Кездесуде азаматтық авиацияны дамыту перспективалары талқыланды. Ол қазір әлемде ұшқышсыз ұшақтар сынақтан өткізіліп жатқанын, 5-7 жылдан кейін жасанды интеллект басқаратын алғашқы ұшақтар әуеге көтерілуі мүмкін екенін айтты», – деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметі редакцияның жазбаша сауалына.

Министрлік өкілдері «автомобиль мен ұшақтың қоспасын» жасау жоспарлары туралы айтты. «Бұл технологияларды жасау әзірге бізге мүмкін болмай отыр. Бірақ бірнеше жыл бұрын фантастика болған дрондар қазір үйреншікті дүниеге айналды. Олар шалғайдағы ауылдарға хат-хабар алмасуға мүмкіндігін беріп, баруы қиын жерлерді суретке түсіру, т.б. мақсаттарға пайдаланылып жатыр. Біз заңнамаға дрондардың ұшуын регламенттейтін түзетулер енгізуіміз қажет», – дейді ҚР ИДМ өкілдері.

Ведомство баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, толыққанды ұшу аппаратының нақты салмағы мен өлшемдерін белгілеу үшін оны қалада пайдалану ережелерін қарау қажет. Ал мұндай мәселелерді шешу үшін жоғары білікті мамандар қажет. «Жаңа құрылым аясында ұшқышсыз ұшақтармен жұмыс жөнінде арнайы басқарма құру, кадрларды даярлау және сертификаттау үшін шетелдерден алдыңғы қатарлы мамандарды шақыру мүмкіндіктері туындайды», – дейді сарапшылар.