Марапат жауған күн

788

Еңбектері еленді. 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Кәсіби мерекесін журналистер, телеоператорлар, монтажерлар мен теле-радио саласында еңбек етіп жүрген барша медиа өкілдері атап өтті. Биылғы мереке «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар TV» телеарнасының басын қосқан «Отырар» медиахолдингінің ұжымы үшін жемісті болды.

Жүзден жүйрік шыққандар


Биылдың алғашқы марапатын «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы иеленді. Газеттің жауап-ты хатшысы Айжан Ермекқызы мен жас тілші Әлия Әділбек «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауда жеңіске жетті. Өңіріміздің аудан-қалаларында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы қатысқан конкурсты облысқа белгілі журналистер мен тіл мамандарынан құрылған арнайы топ сараптады. Байқауға келіп түскен материалдың ішінен тек 15-і ғана ережеге сай болып шықты. Айжан Ермекқызының еңбегі «Үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал ІІ орын Әлия Әділбекке бұйырды.

Ұжымның жеңісі мұнымен шектелген жоқ. Медиахолдинг тілшісі Жанерке Хумар республикалық кәсіподақтар федерациясының «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырған байқауда жеңіске жетті.

Ол – аталған мекемемен тығыз жұмыс істейтін журналистердің бірі. Кәсіподақтың қызметі мен атқарып жатқан жұмысын назардан тыс қалдырмай, бұқараға жеткізіп отырады. Сондықтан да мекеме басшылығы, Жанеркенің дайындаған телесюжеттерін жоғары бағаланып, «Үздік бейнематериал» аталымы бойынша марапаттады.
Тілшілердің назарынан заң-заман тақырыбы да тыс қалмайды. Әсіресе, сот істері мен судьялардың қызметі «Отырар TV» телеарнасының эфирінен түспейді.

ҚР Судьялар одағының облыстық филиалы ұйымдастырған «Сот қызметін үздік көрсеткен журналистік жұмыстар» атты байқауында телеарнаның журналисі Жанар Есенбекованың бейнематериалдары үздік деп танылып, І орын алды.

АЛТЫН МИКРОФОН – ОТЫРАРДА
Медиахолдиг үшін қошемет пен марапат жауған күн – Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың журналистер үшін ұйымдастырған мерекелік кеші болды.
«Біркөлік» шатқалында ақпарат айдынында еркін жүзіп, қажетін сүзіп, бұқараға жеткізіп жүрген жақсылар мен жайсаңдар жиналды. Журналистер қауымын Жансейіт Қансейітұлы арнайы құттықтап, мықтыларын марапаттады.

«Отырар» медиахолдингінің ұжымы бұл жолы да марапатсыз қалмады. Сөз қадірін түсінетін семсер сөздің серкелерінің қатарында біздің ұжымнан 6 адам бар.

Телеарнаның бас редакторы – Зәуре Оралбаева солардың бірі. Зауре Абдухамитқызы «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» облыс әкімінің грамотасымен марапатталды.


Ал жылдың үздік тележурналисі ретінде «Алтын микрофон» номинациясына телеарнаның жаңалықтар редакторы Ардақ Жақсылықова лайық деп танылды.

Ал «Қазақстан Журналистер Одағы» облыстық филиалының «Қарауылбек Қазиев» атындағы сыйлығы «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы – Жәнібек Нұрышқа табыс етілді.

Марапатталғандардың қатарында тілшілер Мақпал Рысбаева, Шуддин Саидов, оператор Эльдар Жүнісқанов, видео-монтажер Константин Гавшев және «Рабат» газетінің шеф редакторы Татьяна Эрохина да болды.

«ОТЫРАР» – «ХАЛЫҚТЫҢ АРНАСЫ»
25 жылдық тарихы бар «Отырар» телеарнасына осындай атау беріп, айдар тақты. Өйткені, отырарлықтар сый-сияпат, мақтау үшін емес, халық үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов осыны ескерсе керек, кәсіби мерекеге орай ұйымдастырған «Жыл журналисі-2018» кешінде «Отырар» телеарнасының ұжымына «Халықтың арнасы» номинациясын табыстады.


Айта кеткен жөн, «Отырар TV» – телеарнасы журналистердің шеберханасы. Талай жанның кәсіби шыңдалуына көмектесіп, журналистік салада өзінің атын қалыптастыруға жол ашқан телеарна. Осы арнадан шыққан талай тілші қазір республикалық телеарналар мен газеттерде қызмет етіп жатыр.
«КТК» телеарнасының Түркістан облысындағы меншікті тілші Бек Әбиев пен «Шымкент келбеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Бектаев солардың бірі. Қала әкімінің кешінде біздің «түлектеріміз» де марапатсыз қалмады. Бек Әбиев «Жылдың үздік зерттеушісі-2018» номинациясын жеңіп алса, Нұрлан Бектаев «Жылдың үздік журналисті-2018» атанды.
Бір жылдық еңбек пен төгілген тердің еш кетпегені, өз бағасын алғаны қуантады, әрине. Бірақ, журналистер қауымы үшін ең үлкен марапат ол – халықтың берген бағасы. Сол үшін олар күні-түні, жылдың кез келген мезгілінде, демалыссыз 24 сағат бойы жұмыс істеуге әзір. Барша әріптестерімізді мерекелерімен құттықтай отырып, жағымды жаңалықтар жеткізерде жүздесіп, жазар көбейсін дегіміз келеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.