Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы қыркүйекте аяқталады

374
zakon.kz

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасын аяқтау 2018 жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де – Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңадан салынған RFCC каталитикалық крекинг қондырғысына шикізат қабылданды.

Осы уақыттан бастап «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау» стратегиялық жобасы аясында іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау кезеңі – технологиялық қондырғыларды кешенді сынау жұмыстары басталады деп жазады zakon.kz.

Қуаты жылына 2 млн. тонна шикізат өңдейтін RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы UOP компаиясының (АҚШ) технологиясы бойынша жобаланып, салынды және ол осы кешеннің «жүрегі» болып табылады. Қондырғы ауыр мұнай қалдықтарын өңдеп, сұйытылған газ, бензин және жеңіл газойл сияқты жоғары сапалы бағалы өнімдерді алу үшін арналған.

Жалпы айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының екінші кезеңі аясында:
– RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы;
– Merox көмірсутекті газдарды тазалау қондырғысы;
– Prime G+ бензинді гидротазалау қондырғысы;
– Claus күкірт өндіру қондырғысы;
– PSA-2 сутекті тазалау қондырғысы сияқты технологиялық қондырғылар салынды.

Аталған қондырғыларды іске қосу зауытта шикізат өңдеу тереңдігін жоғарылатуға және сапасы жағынан К4 және К5 экологиялық класына сәйкес келетін автомобиль отындарын – бензин мен дизельді өндіру көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік береді.