Шымкенттік балалар заманауи технологияны меңгеріп жатыр

37

Шымкенттік балалардың жаңа оқу жылында қосымша білім алуына керемет мүмкіндіктер жасалып жатыр. Оқушылар сарайында жеткіншектер өнер, биотехнология, ІТ, медицина саласын жетік меңгере алады. 

Жаңа оқу жылында балалар тек білім алып қана қоймай, тегін үйірмелермен де қамтылған. Оқушылар сарайында балаларға ғылымға терең бойлап, өнер, спорт саласында үздік атануға барлық жағдай жасалған деуге болады. Сондай мүмкіндіктің бірі автоматтандыру кабинеті.

Мұнда оқушылар зауыт, фабрикаларды автоматтандыру жүйесін үйренеді. Атап айтқанда Did базасы арқылы өндірісте артық затты алып тастауға болады. Бұл құрылғыны оқушылар арнайы тақтайшаларға құрастырып шыға алады.

Тіпті биотехнология кабинетінде жасанды адам ағзасына операция жасауға да болады. Мұндағы мақсат, баланың медицина саласына деген ынтасы мен қабілетін ашу.

Оқушылар сарайына 4 мыңға тарта бала тіркелген. Олар үшін 69 үйірме жұмыс істейді. Мекеме басшысы мұнда балақайлар мектепте алған білімін тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға керемет мүмкіндік алатынын айтады.

Данияр Егізбаев, №2 оқушылар сарайының директоры: «Ғылыми техникалық бағыттарымыз химия, биология, биотехнология саласында керемет аппараттармен қамтылғанбыз. Балалар мектепте оқып келіп, мұнда тәжірибе жүзінде жұмыс істей алады. Барлық техниканы қолданып, ғылыми еңбектер жасауға мүмкіндік бар»

Мұнда балалардың қауіпсіздік саласын меңгеруіне мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан кез келген шымкенттік 7 жасынан бастап кәсіби ІТ бағдарламаларда жұмыс істеуге машықтанады. Ол үшін заманауи бөлмелер жасақталып, дәріс беруге өз саласынының білікті мамандары таңдалып алынған.