Шымкентте жүргізілгеніне 40 жылдан асқан су құбырларына қатысты дау шықты

476

Шымкентте жүргізілгеніне 40 жылдан асқан су құбырларына қатысты дау шықты. 1972 жылы салынған су жүйелерінің үстінен бүгінде құрылыс нысандары салынған. Жергілікті халықты сапалы ауызсумен қамту үшін санитарлық қорғау аймағын қалпына келтіру қажет дейді мамандар. Ал ол үшін «қызыл сызыққа» түскен нысандар сүрілуі қажет.

Темірлан тас жолы бойында орналасқан үй тұрғындарының дауына мына тозығы жеткен құбыр себеп болып отыр. Аумақтағы халықты үздіксіз әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін су жүйесін жаңартатын уақыт жетті. Сайра Төлешованың мұнда көшіп келгеніне жиырма жылдан асып барады. Үйді сатып алғанда оның санитарлық аймаққа тұрғызылғанынан бейхабар болған ол бізге ауызсуды басқа көзден тартып берсін дейді.

Сайра Төлешова, тұрғын: «Бізді көшеден жүргізілген су жүйесіне қоссын. Осыған дейін ешкім бізге айтқан жоқ».

Тұрғындардың айтуынша, ескі су құбырынан небәрі үш үй ғана ауызсуын ажыратып отыр. Оларды көрші көшеден жүргізілген су жүйесіне қосып берсе, ешқандай дау шықпас еді дейді олар. Ал байырғы тұрғындар тұрғын үй құрылысын жүргізуге рұқсат беретін құжаттарының барын алға тартып отыр. «Бізге бұл жердің санитарлық қорғау аймағына жататынын ешкім ескертпеді» дейді.

Мехниса Латипова, тұрғын: «Бізге «қызыл сызық» деп ешкім айтпады. Ескертпеді. Біз қайдан білеміз? Енді келіп, санитарлық аумақ дейді. Баста айту керек еді».

Ал мамандар тұрғындардың өз қауіпсіздіктеріне алаңдамай отырғанына аң-таң. Бұл бірінші кезекте апатты жағдайлардың алдын алу шарасы екенін ескеру қажет дейді.
Қазыбек Сариев, Абай ауданы бойынша су басқармасының басшысы: «Ертең апат орын алып жатса, не болады? Қазірден алдын алу керек. Сол үшін сотқа беріп отырмыз».

Айман Сәтбаева, «Су арнасы-маркетинг» ЖШС-нің өкілі: «Кезінде құрылыс жүргізерде серіктестікпен келісілмеген. Бірінің құжаты жекешелендіру кезінде алынған. Әртүрлі жолмен беріліп кеткен құжаттар… «
«Су арнасы меркетинг» ЖШС -нің өкілдері тұрғындар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаруға кедергі жасап отыр дейді. Бұл өз кезегінде қауіп-қатер тудырып, материалдық шығын келтіреді. Су құбырының санитарлық қорғау аймағының сақталуын қамтамасыз ету үшін кәсіпорын қазір құзырлы органға жүгінуге мәжбүр. Бұл дауға енді сот нүкте қояды.

Мақпал Рысбаева