Түркістан облысында жалған құжаттармен жер учаскелері рәсімделген

673

Түркістан қаласында облыс әкімінің қатысуымен жергілікті атқарушы органдардың 2015-2017 жылдары жер телімдерін беру, пайдалану және сегментациялау барысында жер заңнамаларының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша облыс прокуратурасының алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Мәжілісте әкімдіктердің жер қатынастары саласындағы жұмысының тиісті деңгейде атқарылмайтындығын, жер учаскелерін ұсыну кезінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгендігін прокуратура атап өтті. Осылайша, рәсімделген жалған құжаттардың негізінде, Сайрам ауданында жер заңнамасы талаптарын сақтамай 50 га жер учаскесін 400 жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелерге бөлшектеуге жол берілген.

Түркістан қаласында жерлерді аукциондар мен конкурстар арқылы ұсыну жөніндегі комиссияның жалған хаттамалары негізінде алаңы 100 га құрайтын 130-дан астам учаскелер заңсыз рәсімделген. Нәтижесінде мемлекетке 700 млн. теңгеден аса залал келтірілді. Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген деректер бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.

Сонымен бірге, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қолға алынды. Ағымдағы жылдың алты айында прокурорлармен қабылданған шаралар нәтижесінде 73 тұлға түрлі жауапкершілікке (тәртіптік, әкімшілік) тартылды, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд. теңге 19 мыңнан астам гектар жер учаскелері қайтарылды.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.