Баспаналы болуға тағы бір мүмкіндік

551

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясындағы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй беру басталды. Дәлірегі, Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында жеті адамға ипотека рәсімделді. Осы орайда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары да бұл бағдарламамен үй алуға өтінім беруіне болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Түркістан облыстық филиалының директоры Ануар Ботанбеков мәлімдеді. Директордың сөзіне сенсек, бағдарламаның механизмі оңай, шарттары қарапайым.

– Банктер халыққа несие береді. Ал бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы сол несиені банктен сатып алады. Бұл халыққа да, банктерге де тиімді. Сондықтан 7-20-25 барлығына қолайлы. Ипотеканы өз атында үйі жоқ, жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын кез келген азамат ала алады. Бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық ставкасы – 7 пайыз, алғашқы жарнасы – 20 пайыз. Мерзімі 25 жылға дейін. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 млн теңге, ал қалған өңірлер үшін 15 млн теңге деп белгіленген», – деді Ануар Амангелдіұлы.

Бағдарламаға қатысу үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжат, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуы тиіс.

Осы орайда «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы туралы жиі қойылатын сұрақтардың жауабын келтірейік:
1.Ешқандай ресми кіріс көзі жоқ не еш жерде жұмыс істемейтін азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Өйткені, кірісі жоқ, демек төлем жасауға қабілетті болмайды.
2.Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі Бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар қарыз алушының ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін жеткілікті, расталған кірісінің болуы қажет. Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз деңгейде болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы тартуына рұқсат етіледі.
3.Бағдарламаға қатысу талаптарының бірі – қарыз алушыда ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша өтелмеген қарызының болмауы. Қосалқы қарыз алушы қарыз алушымен тең дәрежеде заем бойынша борышкер болатындықтан, оның да ипотекалық тұрғын үй заемдары болса, бағдарламаға қатыса алмайды.
4.Өтелмеген ипотекалық тұрғын үй қарызы бар адамға қарыз беруге тыйым көзделген. Басқа қарыздарыңыздың болуы Сіздің кредит төлеуге қабілеттілігіңізді бағалауға және Бағдарлама бойынша әлеуетті қарыз мөлшеріне әсер етеді. Сондай-ақ, қарыз алушының несие тарихындағы мерзімі өткен қарыздар қарыз алатын адамның кредит төлеуге қабілеттілігін бағалауға теріс әсер етеді. Мұны банк бағалайды.
5.Бағдарлама ҚР азаматтарының барлық санаты қатыса алады. Бағдарлама талаптары барлығы үшін бірдей болғандықтан азаматтардың жекелеген санаттары үшін қандай да бір жеңілдіктер көзделмейді.
6.Қарыз алушы қарыз алу үшін Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында тұрғын үйі болмауға тиіс. Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады. Яғни, зайыбының/ жұбайының меншігінде тұрғын үйі болса, бұл әсер етпейді.
7.Бастапқы жарнаның орнына басқа баспананы кепілге қоюға болмайды. Бастапқы жарна ақшалай қаражатпен енгізілуге тиіс. Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз ақшасынан төлейді. Сондықтан зейнетақы жинақтарын пайдалануға болмайды. 20% мөлшеріндегі бастапқы жарна белгіленген мөлшер болғандықтан, оны бөліп төлеуге болмайды. Қарыз алғанға дейін бір төлеммен төленеді. Ал сіздің бастапқы жарнаны енгізу үшін қаражатыңыз көбірек болса, онда көбірек бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін көздейтін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалануыңызға болады.
8.Бір қалада тіркелген азаматтың басқа қаладан кредитке тұрғын үй сатып алуына да, ауыл тұрғындарының осы бағдарлама шеңберінде қалалардан тұрғын үй сатып алуына болады. Өйткені сатып алынатын тұрғын үй орналасқан жер бойынша, сондай-ақ қарыз алушының нақты тіркелген жері бойынша шектеулер белгіленбейді.
9.Құрылысы бітпеген үйді сатып алуға болмайды. Құрылыс салушыдан жаңа салынған, пайдалануға берілген тұрғын үйді ғана сатып алуға болады.
10.Бағдарламада ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігіне тыйым салынбаған. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды.
11.Мысалы, қарыз мерзімі 25 жыл болғанда үй бағасына қарай бастапқы жарнаның мөлшері:
5 млн тг – 1 млн
10 млн тг – 2 млн
15 млн тг – 3 млн
20 млн тг – 4 млн
25 млн тг – 5 млн

Елбасының тапсырмасына сәйкес, несиеге бір триллион теңге беріледі. Бүгінгі таңда барлығы жеті банк: Центркредит Банкі, Евразиялық банк, АТФ Банк, Цесна банк, Халық банкі, РБК Банк және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» бағдарламасына қосылды. Алдағы уақытта Сбербанк пен Форте банктері де осы бағдарламамен жұмыс істейді.
Бағдарлама туралы толық ақпаратты www.baspana72025.kz ресми сайтынан білуге, сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласып, алуға болады.

«Оңтүстік Рабат» ақпарат

№28, (408) 11 ШІЛДЕ, 2018 ж.