Еліміздегі әуежайлар құстармен қалай күреседі?

338
Фото ADYRNA

Алматы Халықаралық әуежай басқармасы ұшу аймағындағы орнитологиялық ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұшу кезінде орнитологиялық мәселелерге тап боламыз. Алматы әуежайының маңындағы егістіктер мәселені одан әрі ушықтырып отыр. Дәнді дақыл егістігіне ұсақ жәндіктер мен құстар көп жиналатындығы белгілі. Біз бұл мәселемен күресте халықаралық тәжірибелерді қолданудамыз.  Бірақ бар жұмыс  мұнымен бітпейді. Әуе кемесі құстармен жиі соқтығысады.  Жақында ғана «Эйр Астана» әуе компаниясы бұл мәселеге ұсынысын білдірген еді. Біз облыстық, аудандық әкімдіктермен бірлесіп аэродром аумағына құстар жиналмайтындай етіп, алаңды басқа мәдениетпен толтыруды қолға аламыз»,-деді Алматы әуежайының бірінші  вице-президенті Александр Гордеев.

Бүгінде әуежайда орнитологиялық қызмет күшейген. Алайда құстардың  қолданылып жатқан амал шаралардан бір жола үркитін түрі жоқ.

«Біз арнайы құстар тобына нысанаға алатын лазерлі қаруды пайдаландық. Нәтижесінде құстардың ұшаққа соғылуы сиреп келеді. Негізгі тасымалдаушы «Эйр Астана» жалпы жүк көлемінің 60 пайызын тасымалдайды. Статистикаға сүйенсек жылына құстармен 8-10 рет соғысу фактісі тіркеледі екен. Оның ішінде әуе кемесіне зияни келтіретін жағдайлар бар»,-деді вице-президент. Әуежай құстармен 5 жылдық күрестің арқасында ұшақ келіп қонатын Ключи ауданындағы қоқыс  үйіндісінен арылған. Бұрынғы  қоқыс алаңының топырағы қайта қалпына келтіріліп, аэродром аумағында  құстар  азайған.