Шымкент зообағында құстар көбейеді

1774
Алтын түсті қырғауыл

Шымкент зообағында құстардың қатары артпақ. Тіпті 10 жылға жуық уақыт бойы көбеймеген тасқара құсы да мамыр айының алғашқы күндері балапан басып шығармақ екен. Ал дүние жүзі бойынша жойылып кету қаупі бар құстардың жағдайы және Шымқалаға шетелден әкелінген қанаттылардың қатары қаншаға толығып отырғаны да жерлестеріміздің қызығушылығын тудырып отыр. 

Алтын түсті қырғауыл
Алтын түсті қырғауыл

Алтын түсті қырғауылдың саны Шымкент зообағында бесеу-ақ. Таулы орманда мекендейтін құстың тұқымы Қытайдан әкелінгеніне 15 жылдан асқан. Тауық тәрізділер жасағына жататын құстың салмағы бір келіге де жетпейді. Алдағы уақытта жойылып кетудің алдында тұрған қанаттының осы түрін көбейту қолға алынбақ.

Меруерт Елубаева, зообақтың құстар бөлімінің меңгерушісі: «Жылына 4-5 алтын түсті қырғауыл тұқым басып шығарады. Бірақ оны еліміздің өзге де аумақтарындағы зообақтардағы құстармен ауыстырамыз. Бұл құс ерекше күтімді қажет етеді, әсіресе, көктемде жұмыртқалайтын уақыты болғандықтан, көптеген дәрумендер береміз. Күніне 1-2 жұмыртқа туады, ал бір жылда 8-10 жұмыртқа басады. Мұны біз өздеріне бастырмаймыз, инкубаторға алып, жасанды жолмен балапандарын көбейтеміз.» 

Жыртқыш құстар
Жыртқыш құстар

Алтын түсті қырғауылдан бөлек қаламыздағы хайуанаттар бағында 66 түрлі 380 бас құс мекендейді. Олардың дені Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Жоғалып кету қаупі бар құстардың арасында құмай, қыран -бүркіт, ителгі , аққу, қара дегелек, тауыс, тазқара құстары да бар. Айтпақшы, мамыр айында тазқара алғаш рет балапан басып шығармақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=o5_xiIFyNWo[/youtube]

Темір Сағаев, қала тұрғыны: «Осы зообаққа аптасына кем дегенде 1 рет келеміз. Аң-құстардың тірішілігін бақылап қайтамыз. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген құстар көп. Олардың көбейіп жатқанын да келген сайын байқаймыз. Тауыс құсы жұмыртқа басып жатыр екен. Тауыс өзі сұлу құс қой, олар көбейсе, біз секілді келушілер де артады деп ойлаймын.»

Айта кетейік, зообақ ұжымы жуырда ұзын сирақты және жыртқыш құстарға қатысты жаңа жобаны қолға алмақ. Егер ол жоба жүзеге асса, табиғатта сирек кездесетін құстар тар қапасқа емес, табиғи мекендеріне барынша ұқсас әрі тұрғындар еркін тамашалай алатын жағдайда өсіріледі. Яғни, жасанды тау-тастың қатпары жасалып, қанаттылар сондағы қуыс-үңгірлерде мекендейтін болады.