Шымкенттің статусы өзгеруіне орай қоғамдық жұмысқа тартылғандар жалақыларын ала алмай отыр

489

Шымкентте қоғамдық жұмысқа тартылғандар жалақысыз қалды. Ашуға булыққан жұмысшылар айлығын кешіктірген шенеуніктердің әрекетіне наразы. Айтуларынша, жұмыс берушілер аз ғана жалақыларын толық бермей, қысқартып тастаған.

Елена Разарвинаның күнделікті жұмысы көшені қоқыстан тазалау. Таңғы сағат тоғыздан басталатын жұмыс кешкі алтыға дейін жалғасады. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматша 37 000 теңгеге күн көреді. Қосымша табыс көзі жоқ. Әрі тұл жетім. Жығылғанға жұдырық демекші, Разарвина қазір жалақысыз қалды.

«Кешіктірген айлығымызды тамыз айында береді деді. Ал кеше қазан айында береміз деп айды аспанға бір ақ шығарды. Айына мен 37 000 теңге қолға аламын, ал келісім шартта 59 500 теңге деп көрсетілген. 37 000 теңгеге қалай күн көреміз? Оның өзін кешіктіріп, бермей жатыр», дейді Елена Разарвина.

Разарвина сияқты Шымкентте 900 – ден аса қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар жалақысын ал алмай жүр. Еңбек ақысыз қалған жұмысшылар бүгін қала әкімінің орынбасары Гүлжан Мамытқызының қабылдауына кіріп, мәселені шешіп беруді сұранды.

Жалақысыз жүрген бұл жетім бойжеткен білдей басшыға жағдайының мүшкіл екендігін айтқанымен, шенеунік жылу қабақ танытпады. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды»  деген осы шығар?! Өлместің күйін кешкен қоғамдық жұмысшылардың бұл проблемасы Шымкенттің республикалық статусқа өтуіне байланысты дейді жауаптылар. Дегенмен Гүлжан Мамытқызы қоғамдық жұмысшылардың проблемасын келесі аптада шешіп береміз деп уәде етті.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Қаланың статусы өзгеруіне орай қазір тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттарды реттеп жатырмыз. Келесі дүйсенбі күні қоғамдық жұмысшылардың жалақысы беріледі».

Айлықсыз қалған 900-ден аса азамат жұмысын тоқтатқан жоқ. Бар үміті үкімет басындағыларда. Айлығын кешіктірсе де, уәде еткен уақытта қолға алсақ болды дейді.

Лаура Нақыпқызы