Созақта әпкесін атып өлтірген баланың әкесінің үстінен іс қозғалды

487
Фото Zakon.kz

Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Сызған ауылында орын алған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық істің тергеу жұмыстары басталды. Бұған дейін ауылға қыдырып барған 8 жастағы оқушының 10 жастағы әпкесін аңшылық мылтықпен абайсызда атып өлтіргені туралы хабарлаған болаиынбыз. Алған дене жарақатынан қыз бала ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болған еді. Баланың әкесі қаруды заңсыз сақтағаны үшін жауапқа тартылмақ.

Түркістан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарудың заңсыз сақталғаны анықталып отыр. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша «Абайсызда қазаға ұшырату» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кеткен.

«Оқ атқан баланың әкесіне қатысты ҚР ҚК-нің «Қаруды заңсыз сақтау» және «Атыс қаруды ұқыпсыз сақтау» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды», — деді құқық қорғаушылар.