Түлектер ауыл ажарын арттыруға атсалысуда

938

Төлеби ауданында жақсы бір үрдіс қалыптасқан. Мектеп бітірген түлектер туған ауылдарына қарайласып, атамекенін көркейтуде ауызбіршілік танытады. Білім ошағын тәмәмдағанына 10,20, тіпті 30 жыл болған түлектер бірлесіп, игілікті істің ұйытқысы болып жүр.

Қоғалы ауылдық округіне қарасты Ұзынарық ауылының түлектері жыл сайын кезегімен наурыз той ұйымдастырады. Одан қалса сыныптастар біріге отырып асарлатып ағайынға көмектеседі. Спорт кешенін салып, ауылдарын ажарландыру үшін атқарып отырған шаруалары бір төбе.

Жуырда мақтаулы аудандағы Қаратөбе ауылдық округіндегі Балдыберек мектебін 1982 жылы бітірген түлектердің ұйымдасуымен ауылдың кіре берісіне арка орнатылды. Алдағы уақытта арка жанына гүлзар мен мүсін қоюды да жоспарлап отыр екен. Ауыл келбетін көркейтуге үлес қосқан азаматтарға ауылдағы ағайын алғыс жаудыруда.

Айназ Бейімбет