Заңсыз саудамен ымырасыз күрес басталды

485

«Бізге 20 күн қажет. Оқу жылы жақындап қалды. Балаларымызды киіндіріп алайық!» 30 шілде күні Төле би көшесінің бойындағы заңсыз сауда дүңгіршектерін бұзуға келген сот орындаушылары мен олардың жанындағы әкімдік қызметкерлерін, тәртіп сақшыларын саудагерлер осындай жалынышты жанайқаймен қарсы алды.

Саудагерлердің айтуынша, олар мұндағы жерді бірнеше жылдан бері жалға алып, нәпақасын тауып келген. Олар жалға алу ақысын тамыз айына төлеп қойғандарын және тауарын сатып тауысы үшін мерзімді шегеруді сұрады. Бірақ, құзырлылар 3 жылдан бері «нүктесі қойылмаған» тірліктің 20 күнде шешілмейтінін айтып, сот шешімінің негізінде дүңгіршектерді бұзуды бастады.

 

Шымкент қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша Төле би көшесінің бойындағы («Қырғы базар» маңы) 5 гектар жер телімін мемлекетке қайтару туралы сот шешімі 2015 жылы шыққан.


– ҚР Жер Кодексінің 43-бабы, 10-тармағына сәйкес, жер учаскесінің нақты (белгілі бір жердегі) шекарасы белгіленгенге дейінгі жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді делінген. Осыған сүйене отырып, 2015 жылы сот базар маңындағы жер телімін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Содан бері сатушылармен талай рет кездестік. Дүңгіршектердің заңсыз салынғаны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Тәртіп сақшыларымен жүргізген рейдтік шаралар соған куә. Бірақ, ешқандай нәтиже болмады. Керісінше, дүңгіршіктердің саны көбейе түсті. Бұл көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп, қаланың көркін кетіруде. Заңсыз нысандарды сүріп тастап, бұл маңды абаттандырамыз. Базарға келіп-кетушілер үшін қолайлы жағдай жасаймыз,- дейді Нұрлан Бектұрсынов.


Ал базар басшылығы бұл дүңгіршектердің өздеріне ешқандай қатысы жоғын айтады. Олардың сөзінше, бұл дүңгіршектерде отырған саудагерлерден базар әкімшілігіне ешқандай салық түспейді.
Қала әкімдігі дүңгіршегі сүрілген барлық саудагерге «Орталық Қырғы базардан» 150 әлеуметтік орын дайындапты. Сонда 3 айға тегін берілетін орын алып, салық төлеуден босатылып, саудасын жүргізуіне болады екен. Бұдан бөлек қаладағы кез келген базардағы арнайы бөлінген сауда қатарынан сондай шартпен орын беріледі. Бірақ, дүңгіршегінен айырылған саудагерлер «әкімдік ұсынған орындарға бармаймыз» деп отыр. Келтірер уәждері – ұсынылған орындар сауда-саттық жасауға қолайсыз, табыс табу мүмкін емес.

Өзін Әсем Кемелбекова деп таныстырған сатушы әйелдің мұнда сауда-саттық жасағанына екі жылдан асыпты. Ол дүңгіршекті салуға 75 мың теңге жұмсаған. Бұған дейін жолдасы екеуі қарызға көкөніс (картоп, сәбіз, пияз) әкеліп сатыпты.
– Қазір дүңгіршегім тауарға толып тұр. Сатып бітірсем, басқа орынға көшер едім. Бірақ бұл үшін тым болмаса бір ай уақыт керек,- дейді ол.

Ал Алтынай Оспанова есімді келіншек балмұздақ сатады. Айтуынша, сауда дүңгіршегін жабдықтауға 1 миллион теңге жұмсаған. Қажет құрылғыларды несиеге алыпты. Жалдау ақысын қосқанда, ай сайын әжептәуір төлем шығыны бар. Енді міне нанын тауып, табыс келтіріп отырған дүңгіршегінен айырылғысы жоқ.
Сатушылардың сөзінше, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекет қазынасына уақытылы салық төлейді. Бұдан бөлек жалға алынған орын үшін 100 мың теңге береді екен. Бірақ, жалға алу ақысын кімге беретіндерін ашып айтпады. Ара-тұра бірнешеуі жалға алу ақысын кімге төлеп келгендерін көрсеткенімен, екінші тарап бет бақтырмады.
Бала-шағасының нанын тауып, отбасын асырап отырған сауда орнынан айырылу сатушыларға ауыр тиді. Олардың дүңгіршегін сүріп тастаудан сақтап қалу үшін шырылдап, жанталасты.

Тіпті дүңгіршегінің бұзылғанына шыдамай, есінен танып, медициналық жедел жәрдем көмегіне жүгінгендері де, тәртіп сақшыларына бағынбай, қарсылық білдіргендері де болды.

Қарсылық танытқандарын тәртіп сақшылары бөлімшеге алып кетті. Ал, кейбір сатушылар сот шешіміне құлақ асып, өз еріктерімен дүңгіршіктерін босатып берді.


Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілгендермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейіннен бәрі де босатылыпты.

– Шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, Төле би көшесінің бойында орналасқан «Қырғы базар» маңын ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Бұған дейін Шымқалада орналасқан 8 базар басшысымен екі жақты меморандум түзілген болатын. Меморандум аясында базар аумағынан бос сауда орындары ұсынылып, қазіргі таңда 35 саудагер «Қырғы базарға», 8 саудагер «Автонұр» базарына орналастырылды,- дейді Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов.
Төле би көшесінің бойын заңсыз сауда қатарынан тазарту үшін 2015 жылы осындағы жекеменшік жерді мемлекетке қайтару туралы сот шешімі шыққанымен, мұндағы сауда әсте тыйылмады.
Сонымен 2018 жылдың 27 шілдесінде Түркістан облыстық соты Төле би көшесі бойындағы 34 дүңгіршекті «заңсыз салынған» деп танып, оларды бұзу туралы шешім шығарды. 28 шілде күні барлық сатушының қолына соттың шешімі таратылып, 30 шілдеде дүңгіршектер сүрілді. Барлығы 34 дүңгіршек бұзылып, 5 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Енді мамандар бұл жерді абаттандырылып, базарға келушілер үшін барлық жағдай жасамақ.

(базар маңының болашақ макеті)

 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№31, 1 ТАМЫЗ 2018 ж.