Алматы полициясы әлеуметтік желінің қауіпті тұстарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір әлемде LinkedIn (Линкед Ин) әлеуметтік желісінде жалған компаниялардың алаяқтық схемалары туралы ақпарат таралып жатыр. Тәртіп сақшылары ірі табыс туралы ақпараттарға сенбеуге шақырады. «Линкед Ин әлеуметтік желісі — іскерлік бағытта пайдаланылатын іздеуші. Көбінесе оны бизнесмендер қолданады. Қазақстандықтар арасында онша танымал емес. Сондықтан, тұтынушылар арасында оған қатысты шағым түскен жоқ», — деді баспасөз қызметінен. Алайда құқық қорғаушылар әлеуметтік желіде жеке ақпарат таратпауды ескертеді.
«Бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді бермеңіз. Жеке куәлік нөмірі, туған күн, банк картасы нөмірі, банк шотының нөмірі деген сияқты мәліметтерді жарияламаңыз. Ғаламтор арқылы вакансияға өтініш бергенде компаниямен байланысы жоқ электронды поштаға ақпарат жіберуіңізді сұраған адамдарға ақпарат жібермеуіңіз керек.
Сонымен қатар, олар аудармашы, заңгер сияқты мамандардың қызметіне ақша сұратуы мүмкін. Бұл алаяқтық схемалардың белгісі. Электронды поштаға келген сілтемелерді ашқан кезде абай болу керек. Сол арқылы сіздің құралыңызға зиянды бағдарлама орнатылып, жеке мәліметтеріңізді жымқыруы мүмкін», — деді қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.