Қазақстанда әрбір 50 шақырым сайын жанармай құю бекеті салынады

316
Фото inform.kz

Ұлттық стандарттарға сәйкес, Қазақстанда әрбір 50 шақырым сайын жанар-жағармай құю бекетін немесе шағын тамақтану пунктін салу көзделіп отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда жол бойындағы сервистерге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте аталмыш сервистердің қызметін сапалы деңгейге шығаруға маңыз беріледі. Түгендеу қорытындысы бойынша республикалық желіде 1900 нысан барын анықтадық. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 780 нысан (42 пайызы) ұлттық стандарттарға сай келетіні белгілі болды. Жыл соңына дейін ұлттық стандарттарға сәйкес келетін нысандардың санын 850-ге (45 пайызға) жеткізу көзделуде», – дейді Амангелді Беков.

ҚР ИДМ өкілінің айтуына қарағанда, жол бойындағы бұрынғы нысандарды ретке келтірумен қатар, жаңа нысандарды салуға да ерекше мән беріліп жатыр.  «Бұл ретте жол бойындағы нысандардың (жанар-жағармай құю бекеті немесе дәмхана) цифрлық картасын әзірлейміз. Қазіргі таңда бұл жұмысты еңсеру үшін жұмыс тобы құрылып, ол топтың құрамына әкімдік қызметкерлері, «Атамекен» ҰКП мен жол жөндеу жұмыстарына жауапты компаниялардың өкілдері енді.

Енді ұлттық стандарттарға сәйкес, біз алдағы уақытта ең алдымен халықаралық дәліздерді сервис қызметтерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Яғни, әрбір 50 шақырым сайын жанар-жағармай бекеті және шағын тамақтану пункті салынатын болады. Сол секілді, әрбір 150 шақырым сайын ірілеу сервис нысаны, атап айтқанда адамдар қона алатындай нысандар немесе Техникалық қызмет көрсету орындары салынады», – дейді ол.