Не жылуы, не ыстық суы жоқ…

546

Не жылуы, не ыстық суы жоқ. Арнамызға арыздана хабарласқан «Нұрсәт» шағынауданы №64 үйдің тұрғындары тоңып отыр. Жаңа баспанаға қоныстанған халық жылы судың да әлі күнге жыры бітетін емес деп шағынады. Айтуларынша, мердігер компания жылу жүйелерін реттеп бермей отыр.

Гүлзар Камалова әлі жасына да толмаған немересін жауратып алмаудың қамын жасап жүр. Сәбиді күн-түні бір бөлмеден шығармайды. Себебі жылытқыш құрылғысы аядай ғана жерді әрең жылытады.

Гүлзар Камалова, тұрғын: «Түнімен жаурап шықтық. Баламыздан обал болды. Жылу берсе болар еді халыққа. Бұлай қашанға дейін жалғасады?».

Былтырғы жылдың наурыз айында пайдалануға беріле бастаған су жаңа баспананың мәселесі бастан асады. Әлі күнге жылы су мен жылу жүйесіне қосылмай отырған үйден тұрғындар көшіп кетіп жатыр дейді жергілікті халық. Үй төрайымы қыркүйектің ішінде барлығын шешіп береміз деп уәдені үйіп-төкті дейді.

Алтынай Бөрібева, тұрғын: «Бізге 1-қазанға дейін шешіп береміз, болмаса құзырлы органға хабарласа берулеріңе болады деген. Қолымызға хат та берген. Бүгін қазан айының жартысынан асты, әлі шешілген жоқ».
Ал мердігер компания жылу мен жылы судың жоқтығына сұқ қолды ұрыларды кінәлап отыр. Бір емес бірнеше рет жабдықталған жылу жүйесінің құрылғылары ұрланып кетеді дейді олар.

Осылайша мердігерлерді жарты миллион теңгеге отырғызып кеткен ұрылар қазір іздестіріліп жатыр. Құрылысшылар жүйелерді тағы да жабдықтап, тұрғындарды бірер күнде жылы сумен де, жылумен де қамтамасыз етеміз деп уәде етті.

Мақпал Рысбаева