Ордабасы ауданында Түркістан магистральды каналы жөнделіп жатыр

360

Ордабасы ауданында Түркістан магистральды каналы жөнделіп жатыр. Нысан пайдалануға берілгенде суармалы жерлер ағын сумен үздіксіз қамтылып, тіршілік нәрі үнемді пайдаланылады дейді мамандар. Былтыр қараша айында басталған құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс. Құрылыс барысы өңір тілшілеріне таныстырылды.

Бірер айдың ішінде нысанды толықтай аяқтап бітуі тиіс құрылысшылардың жұмысы қыз-қыз қайнап жатыр. Каналды жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд. 760 млн. теңге қаралыпты. Су қойманың жобалық көлемі 370 млн/м3, жаға жиегінің ұзындығы – 35 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарына бас-аяғы 80-нен астам жұмысшы жұмылдырылған.

Сәбит Нұркішев, учаске басшысы: «Жұмыстарды 20-желтоқсанға дейін аяқтаймыз. Қазір каналдың 2 жарым шақырымы бетондалып қойды. Қалғанын межелі уақытта бітеміз. Жұмысшылар жергілікіті тұрғындар».

Жергілікті билік өкілдері шаруалар енді ағын судан тапшылық көрмейтін болады дейді. Суару маусымында тіршілік нәрінен таршылық көретін түркістандық, ордабасылық дихандардың мәселесі шешіледі деп сендіреді мамандар. Нысан жөндеуден өткеннен кейін каналдың су өткізу мүмкіндігі артып, жапсарлас ауылдарды су алу қаупінің де беті қайтады.

Шәмет Бектай, Бөген ауылдық округінің әкімі: «Жердің бетіне дейін су шығып кететін. Былтыр 44 ұңғыма пайдалануға бердік. Алдағы уақытта 11- ін пайдалануға береміз. Осылайша жер асты суып реттеп, суды үнемдейміз».

Жалпы Ордабасы ауданында 75 мың гектарға егістік егілген. Аудан бойынша қазіргі таңда 6 мыңға жуық жер пайдаланушы бар. Егістіктерге 85 канал арқылы су жеткізілуде. Оның 4-уі – республикалық, 72-сі коммуналдық, 9-ы – жеке меншік иелігінде. Жыл басынан бері суармалы жерлердің ауқымын кеңейту мақсатында 6 канал ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бұл жұмыстар 1500 гектарға жуық суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік берген.

Мақпал Рысбаева