Шымкент қалалық онкологиялық орталық «Ашық есік» күніне шақырады

945

Сүт безінің қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау мақсатында Шымкентте әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша ашық есік күні өтуде. Шымкент қалалық онкологиялық диспансердің мамандары қазан айының әр сенбі күндері дәрігер-маммологтың қатысуымен тегін әрі жолдамасыз азаматшаларды қабылдау жұмыстарын жүргізеді.

Сенбі яғни, 6 қазан күні Шымкент қалалық онкологиялық орталықтағы мамандар таңғы сағат 8:00-ден бастап азаматшаларды қабылдады. Екі кабинеттегі маммалог-дәрігер сүт безінің қатерлі ісігін анықтау мақсатында медициналық тексеру жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан бойынша онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Жыл сайын республикада жаңа 4000-ға жуық сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер тіркеледі. Бұл аурудан елімізде жылына 1400-ге дейін адам қайтыс болады.

Өлім жағдайын азайтып, науқасқа дер кезінде көмек көрсетудің бірден бір жолы-ерте диагностикалау. Ауруды ерте сатысында анықтау емнің оң нәтижесі мен науқастың сауығып кетуіне зор ықпал етеді.

Сондай-ақ, ауруды ерте сатысында анықтау медицина саласындағы шығындарды үнемдеудің бірден-бір жолы. Осы мақсатта елімізде белгілі жастағы азаматшаларға жылда скринингтік тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Мәселен, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 2017 жылы жүргізілген скрининг тексерулердің нәтижесінде 146 азаматшада сүт безінің қатерлі ісігі анықталып, дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.

Профилактикалық жұмыстар 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру бойынша бекітілген медиа-жоспарына сәйкес, Дүниежүзілік сүт безі обыры туралы хабардар ету күні аясында өткізіледі. Әйелдердің денсаулығын қорғау мақсатында 6-13-20-27 қазан күндері Шымкент Қалалық Онкология орталығында ашық есік күндері өткізіледі. Әр сенбі сайын аталған медициналық мекемеде ашық есік күні таңғы сағат 08:30-дан бастап 15:00-ге дейін жүргізіледі.

Айта кетейік, сүт безінің қатерлі ісігі бойынша Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 2626 адам диспансерлік есепте тұрады.

Лаура Нақыпқызы