Шымкентте цифрландыру саясаты ойдағыдай жүзеге асуда

447

Шымкентте цифрландыру саясаты ойдағыдай жүзеге асуда. Жаңа мегаполиске Президент Жолдауын насихаттау үшін арнайы келген вице-министрлер осындай пікірде. Түрлі сала мамандарының өкілдерімен кездесуде ел дамуына бастайтын басты құжаттағы маңызды тұстарды талқылады.

Елбасының кезекті Жолдауы әдеттегідей барлық саланы қамтып, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталды. Әл-ауқатымыздың өсуін қамтып, еліміздің дамуына серпін беретін басты бағдар табыс пен тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Жолдауда жан-жақты қаралған цифрландыру саясатының да мәні зор. Егер сандық технология ойдайғыдай жүзеге асса, 2020 жылға дейін мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі.

Динара Щеглова, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі: «Мемлекеттік қызметтер реестрінде қазір 734 мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетіледі. Жыл соңына дейін олардың қатарын тағы да көбейтеміз. Цифрландыру саясаты кезең-кезеңімен іске асырылады. Оның ойдағыдай жүзеге асуына еліміздің әрбір азаматы атсалысуы керек».

Жаңа мегаполисте бүгінде цифрландыру жүйесінің озық үлгісін Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығын көрсетіп отыр. Мұнда азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету залында 83 маман жұмыс істейді. Бір күнде келушілер саны 1,5 мыңнан асады.

Тағы бір артықшылығы, халыққа қызмет көрсету орталығында цифрлық сауаттандыру бойынша тегін оқытатын кабинеттер ашылған. Мұнда кез – келген қала тұрғыны электронды қолтаңба ашу және жабу, үйден шықпай мемлекеттік қызметтерді алу, еnbek.kz порталынан жеке кабинет ашу, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша өтетін сабақтарға қатыса алады.

Нариман Мұқышев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі: «Электронды еңбек биржасы жолға қойылған. Бұл кеңістікте жұмыс іздеуші де, жұмыс беруші бар. Екі қолға бір күрек іздеген қалалық азамат та, шалғай аудан тұрғыны да өз түйіндемесін жіберіп, бос жұмыс орнына орналасуына мүмкіндігі бар. Орталықта мүгедектерге қызмет көрсету үлгісі жүйеленген. Біз Астана, Алматы қалалаларында болдық. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы олардан еш кем емес».

Цифрландыру бойынша бірқатар мекемелерде болған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев бұл бағытағы жұмыстарға оң бағасын берді. Электронды қызмет тек халықтың компьютерлік сауаттылығын ғана ашып қоймай, сыбайлас жемқорлыққа тұсау салып, қоғамда ашықтықты қамтиды.

Мақпал Рысбаева