Ымды түсінген

1883

Қазақтың көнеден жеткен әдет-ғұрпында психологиялық іс әрекеттер көптеп кездеседі. Соның арасында адамның сол кездегі көңіл-күйін, іс-әрекетін және оның сезімін сөзбен айтып әуреленбей-ақ ыммен, ишарамен тіпті еппен сездірте білетін қызық ұғымдар баршылық. Оның біразы әлі күнге дейін халық арасында қолданылып та келеді. Бірақ сол ұғымдардың қандай көңіл күйді бейнелейтінін, астарында не жатқанын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Осы орайда біз халқымызда ертеден қалыптасқан әдет-ғұрыптың мән-мағынасын білу үшін Фатима Қайырбекқызымен әңгімелестік. Сұхбаттан кейін ұлтымыздың сезімдік әдет-ғұрыптарының мәніне терең үңіліп, барлығының болмаса да біраз ыммен ишараның сырын аштық.

«Ымды білмеген – дымды білмейді» деген қазағымда керемет сөз бар ғой. Біздің қазақ халқында әдет-ғұрып ишарасы бар. Көпшілік ортада немесе сөзбен сөйлесу ыңғайсыз жерде адамдар осы ыммен, ишарамен бір-біріне көңіл күйін білдірген. Адамдар осы дағды мен ым-ишара арқылы бір-бірімен келіскен. Сондай-ақ ерекше қуанышын немесе көңіл күйінің болмауын, ұялу, жеңілу, шаттану, мақтану деген сынды көптеген адам бойынан табыла білетін сезімдерді білдірген. Тіпті күні бүгінге дейін қолданыстағы ишаралар бар. Алайда тұрмыс пен тіршіліктің өзгеруіне байланысты немесе заман ағымына сәйкес мұндай әдет пен дағдының кейбіреулері мүлдем ұмыт қалды. Бірен-сараң қариялардан байқамасаң басқа жерден көрмейсің. Дегенмен бұны біздің болашақ ұрпағымыз білгені жөн. Қазағым сөзге де, әдет-ғұрыпқа да, халықтық өнерге де бай халық. Сол сияқты дағды мен ым-ишаралар да өте көп. Бәрін айту мүмкін емес. Сондықтан мен бәріне болмаса да біршамасына тоқталып, ол іс-әрекетер қандай ойды, көңіл-күйді білдіретіндігін айтып өтейін.

Бармақ басындағы белгі

Фатима апаның әңгімесі бізді еліктіріп бастады. Әңгімеден кейін бүгінде көпшіліктің қолданыстағы іс-әрекеттің мән-мағынасына жетпей, толық түсінбей жатып қолданатынымызға ұялып та қалдым.

Қазір де адамдар арқаға қағу, бас бармағын көрсету, бет шымшу, бет басу, желке қасу, жұдырық түю, көз аларту, көз қысу деген сияқты көптеген ишараттарды қолданады. Бұл әрекеттердің түпкі мағынасы да белгілі. Сонда да айта өтейін.

Мәселен, арқаға қағу – сол арқасынан қаққан адамға дән риза болу, оның сөзін қолпаштау, соның пікірімен өз пікірінің сай келетіндігін білдіру болады. Сол сияқты бас бармағын көрсету де «жарайсың, өте дұрыс айттың» дегенді білдіріп ісі оңынан келген адамның көрсетер белгісі болып табылады.

Енді осы тұста айта кетейін бармақ тістеу деген бар. Бұл сол адамның амалы таусылып, шарасыздықта қалғанын көрсетеді. Мысалы халқымыз «Бармағын тістеп қалды» деп айтады ғой. Сол осындайдан туындағын сөз. Бармақпен көрсететін тағы бір ыңғайсыздау әрекет бар. Ол – бармақ шығару. Бұл енді ыңғайсыз көрініс. Яғни адамдар біреудің тұрпайы қылығына, орынсыз сөзіне, ақылға сыймайтын ұсынысына бармақ шығару арқылы қарсылығын білдірген. Сол адамның пікірімен өзінің пікірі мүлдем сай келмейтіндігін саусағының арасынан бармақ шығару арқылы сездіреді. Бұл кез келген адамдар қолданатын ишараттар.

Әйелге тән ишара
Осы тұста Фатима апа тек әйел затына ғана тән ишараттарды да айтып берді. Оның бірі – бет шымшу.

Мәселен, қазір де өзім сияқты әжелер жас қыздардың бір түрлі ерсі қылықтарын, боқауыз сөздерін естігенде бетімізді шымшыған күйі қап кетеміз. Сөйтіп оларға айтып тұрған сөзі мен әрекеті орынды емес екендігін білдіргіміз келеді. Бұрындары мұндай әдетті байқасақ «не бүлдіріп қойдым екен?» деп дереу сабырға келетін едік. Қазіргі жастар сол бет шымшыған қылығымызды да түсінбейді ғой. Өйткені оның мағынасын біліп кетпейді. Сондықтан да аңғармайды. Осы сияқты ішегін тарту әдеті де бар. Бұл жаңағы бейғам келе жатқан адам шошынып қалған кезде ішегін тартады. Немесе қатты таңданған жағдайда болады. Негізі бұны онша жақсы әдет демес едім. «Ішегіңді тартпа» деп айтамыз ғой. Сол осындайдан қалса керек. Және бет басу әрекетін де көбінесе әйел адамдар қолданады.

Бұл сол адамдың қатты ұятқа қалғанының белгісі. Екі қолымен бетін басу арқылы олар жұртқа қарайтын беті жоқ екенін білдіреді. Мысалы кезінде ел арасында қатты ұятты болған адамдар көпшілік ортасына шықса «не бетіңмен жүрсің» деп айтатын болған. Сондықтан да апалар жастарға «бетіңді баспа, жаман ырым» дейтіні осындайдан шыққан. Және бір әйелдерге және балаларға тән әдет ол – ерін шығару. Бұл мазақ етудің белгісі. Бұл да өзіне жараспайтын әрекет жасаушы адамға қылығы өзіне мүлем сай келмей тұрғанын ерін шығарып мазақ ету арқылы аңғартқан. Осылайша басқаларды ерсі әрекеттен сақтандырған. Қазақ ешқандай тыйымдарды жәйдан-жәй қоймаған. Арғы жағында осындай мән-мағынасы болғандықтан жастарға жасамау керек әрекетті жасатпаған. Түбінде тәрбиелік мән жатыр.

Ұмытылған қамшы тастау
Әңгімелесу барысында біз Фатима ападан қазір мүлдеп ұмытылып, қолданыстан шыққан ым мен ишараларды да сұрап білдік. Солардың бірі – қамшы тастау екен.

Қамшы тастау – ол ұлтымыздың әдет заңы бойынша кезінде шешендер мен билер және қарапайым азаматтар қандай да бір дауласу кезінде үлкендерден сөз сұрауының белгісі болған. Қамшы тастау арқылы өз пкірін білдіруді сұраған. Сол кезде бұл әрекетті барлығы түсінген. Ал, сөз беруші адам басын изеу арқылы мақұлдап сол адамға сөз берген. Бұл бас изеу сол келіскеннің, қарсысындағы адамға рұқсат бергеннің белгісі. Сондай-ақ – қол қусыру әрекеті де қазір қолданыста жоқ. Бұл – айыпты, өз қатесін түсініп, өкініп тұрған адамның қателігін түсіну белгісі. Қолын қусырып тұрса, ол «қате менен, менікі дұрыс болмады» деген сөзді айтып тұр деген сөз. Біздің дәстүр бойынша кешірім сұраушы адам екі қолын қусырып ғафу өтінген. Ал, мұндайда атам қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген сөзді негізге ала отырып, қателік жасаған адамға өз кінасын біліп келіп тұрғаны үшін кешірім беріп, енді қайтып қателік жасаму керектігін айтқан. Бұл да қазір халық арасында мүлдем жоқ әрекет. Және біздің қазір тарихи кинолардан көбінесе етегін қағып тұрып кететін адамдарды көреміз. Бұл да бір ишараны білдіреді. Етегін қағып тұрып кету – сол адамның күш көрсетуінің айқын белгісі болған. Қандай да бір отырыстарда бір адам осындай әрекетпен тұру арқылы кек алатындығын айтқан. Яғни, «тұра тұр, бәлем», «саған әлі көрсетемін» дегенді білдіреді. Бұл әрекет те қазір қолданыста жоқ. Олай болуына да себеп жоқ емес. Өйткені заман өзгерген, қоғам басқа. Сонда да мен қазіргі жастарымыз бұрынғы ата-бабаларының ым-ишарасының түбінде қандай ой жатқандығын білсін. Өткеннен хабардар болсын деп айтып отырмын.

«Әр ым-ишараның астарында мән бар»
Осы тұста біз қазіргі кезге дейін жеткен ишараттардың қандай мағынаны білдіретінін де сұрап білдік.

Қазіргі жастар көбінесе жұдырығын түю, жағын таяну, иек қағу, көз қысу, желке қасу, қол сілтеу, қол соғу, маңдайын ұру, тістену, тіс қайрау, мұрын тыржиту сынды әрекеттерді жақсы қолданады. Енді «осы әрекеттердің астарында қандай түсінік бар екендігін біле бере ма?» деген сұрақ туындайды менде. Көбі білетін шығар бірақ мен осы әрекеттердің де қандай ойды білдіретіндігін қысқаша айтып өтейін. Мәселен, біз жұдырық түю әрекетін жиі қолданамыз. Оны әсіресе кішкентай балаларға қатысты. Ол енді айтпаса да белгілі ғой. Күш, сес көрсетудің нышаны. Ал, жақ таянудың қандай ойды білдіретіндігін көп жастарымыз білмесе де осы бір әрекетті көп қолданады. Жағын таянып кино қарайды, жағын таянып кітап оқиды деген сияқты. Бұл торыққан, қатты қайғыға батқан, мұң басқан адам жасайтын әрекет. Кезінде атам қазақ осындай әрекеті арқылы сол адамның арылмас мұңға батқанын байқаған. Сондықтан да жастар бұл әрекетті әдетке айналдырмау керек. Енді «үлкен кісінің сөзін тыңда, оларды айтқанын орында» деген түсінікті иек қағу әрекеті арқылы жеткізген. Бұны көбінесе үлкен жастағы адамдар жастарға қатысты қолданады.

Ал, көз аларту деген бар. Ол енді ұрыстың үнсіз басталуы деген сөз. Көз алартқан адамға ренжішін білдірудің бір түрі. Және қазақта онша жақтырмайтын адамына да көз алартып қарап оны жек көретіндігін сездірген. Тағы бір айтарым адамдар көз қысу арқылы келісімге келген. Яғни ыммен сөйлесу. «менің айтқаныммен келіс» деген түсінікті береді. Осы жерде бір айтарым бұл көз қысу деген – тәрбие дәстүрінде әдептілік емес. Бұл әрекетті қыз баласы қолданбау керек. Ұят болады. Қазір жас қыздар көзін ары-бері ойнатып, қысып жүре береді. Бұл дұрыс емес. Қыздарымыз осы әрекетті мейілінше қолданбай-ақ қойғаны дұрыс. Осы сияқты қыздарымыз мұрындарын да тыржитпай-ақ қойса жақсы еді. Нәзік жанды арулардың мұрынын тыржитып тұрғаны өте бір ерсі көрінеді. Оның үстіне бұл адамды менсінбеудің, жақтырмаудың бір түрі. Басында айтқан тістену мен тіс қайрау – енді біреуге кеткен ақысының белгісі. Маңдайын ұру да соны білдіреді. Бұлар ашу-ыза, өштесуден туындайтын іс-қимыл. Бұл әрекеттерді көбінесе ер азаматтар көп қолданады. Оның сол қылығына қарап ашулы екенін айтқызбай-ақ біле аламыз. Қазақ халқы осындай әрекеттері арқылы қанай көңіл күйде тұрғанын сөз шығындамай-ақ білдіре алады. Айта берсем мұндай ыммен сөйлесу, ишара білдірудің тәсілдері өте көп. Қайсыбірін айта берейін. Ең негізгі дегендерін айттым, Біздің халқымызда әзіл-қалжыңдары арқылы туысқандық қарым-қатынасты да айтқызбай білген. Мысалы анау «бажа бажаны көрсе басын қасиды» деген жәйдан-жәй шыққан сөз емес. Осындай әрекет арқылы олар бажа екендіктерін білдірген. Ал, енді жас буын бір ер азаматтың құлағын тартқылап жүрсе, ол солардың жездесі деген сөз. Ел ішінде осындай ыммен білдіретін ұғымдар өте көп. Жастар соны білу керек. Бұл біздің халқымызға тән сипаттар мен белгілер. Ал, жастар бұл айтылған әрекеттердің барлығын орынсыз қолдануға болмайды. Сондықтан да мән мағынасын білу керек. Сайып келгенде ым-ишара да салт-сана тәрбие-тағылым саласындағы дәстүрімізге енген бай қазыналарымыздың бірі.

Міне, Фатима апаның әңгімесінен түсінгеніміз ым-ишараның да түпкі берері ол – тәрбиелік өнеге болмақ. Апамыздың айтуынша ел мінезін ерекше бағалай білетін үлкендер әр адамның әңгімесінен, іс-әрекетінен сол адамның көңіл-күйін айтқызбай-ақ біліп отырған. Тіпті кейбір адамдарды өзіне тән қылықтары арқылы танып білген екен. Сондықтан да әр адам өзіне тән іс-әрекетіне абай болғаны дұрыс екендігін түсіндік. Осылайша, күнделікті жағдайда өзіміз мүлдем байқай бермейтін әрекеттердің астары қалай екендігін түсініп білдік.

Жанерке ХУМАР

№40, 3 ҚАЗАН 2018 ж.