Көше қардан тазартылды, үй жылы…

544

Аптаның алғашқы күні жауған қарды тазалауға Шымкент қаласының көшелеріне арнайы жабдықталған 70 техника шықты. Қар дер кезінде күреліп, тұз араластырған құм себілді, дейді жауапты мамандар. Айтуларынша, ауа температурасы бірден — 6 градусқа төмендеп, жолдарда көктайғақ болды. Шаһардағы төрт мекеме тазарту жұмыстарына жұмыла кірісіп, көшелер тез тазартылған.

Жалпы, Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар, тазартылуы тиіс 189 көше бар. Ұзындығы 584 шақырым. Осы көшелерді қыста қардан тазартып тұру үшін 134 бірлік техника, 4000 мың тонна тұз, 23 мың текше метр құм жиналған. Бүгін соның 800 т.м құмы себіліпті.

Күннің күрт суытуына байланысты «Энергоорталық 3» мекемесі беріліп жатқан жылудың температурасын 80 градусқа дейін көтерді. «Қаладағы 1800-ден астам көпқабатты үйлердегі элеватордан кері қайтқан жылудың температурасы 40 градус», дейді жылу берушілер.

Бүгінде қаладағы үйлер мен мекемелердің барлығында дерлік жылу бар. Тек жертөлелері мен пәтерлердегі ішкі ақауларға байланысты бір күнде дистпечерлік орталыққа 10 шақты тұрғын қоңырау шалады екен.

Нұрлан Күдерұлы