Шардара туризмнің ордасына айналмақ

626

Бүгінде Түркістан облысының түкпір – түкпіріндегі аудан, ауылдардың барлығын да табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Түлкібас ауданы толықтай көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Төле би ауданының көптеген аумағы да қамтылу үстінде. Тау жағалай қоныстанған ауылдардың біразы көмір жағудан құтылған. Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шардара қаласы аз ғана уақыттан кейін табиғи газды тұтына бастайтын болады. Бүгінгі күні газ тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Шардара қаласында №18 газ тарату стансасының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш құрылыс былтыр басталған болатын. Одан бөлек 39 шақырым магистральді құбыр тартылды. Аталмыш құрылысқа қазына қазанынан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Келер жылы Шардара қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстары толықтай бітуі тиіс. 2020 жылдан бастап газ келетін болады. Алдағы уақытта осы жоба нәтижесінде Шардара қаласы мен оған іргелес 11 елдімекен, яғни, аудан тұрғындарының 55,7 пайызы табиғи газбен қамтылмақ. Қаншама жылдардан бері ыс сасып, көмір жағып келген ағайын жағымды жаңалыққа бек қуанып отыр.

Қалалық ішкі газ жүйесінің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық елді мекендерінің ішкі газ жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Биылғы жылы бұл жобаның да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының тағы да 40,6 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады.

Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған шаһар осылайша өркениеттің бір игілігіне қол жеткізгелі отыр. Соңғы әлетте шардаралықтардың жылы суға қолын малып отыруға мүмкіндік беретін жақсы жаңалықтардың қатары көбейіп келеді. Қалада тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы бірнеше айлардан соң қоныс тойын тойлайтындардың қатары арта түспек.

Қаланың шырайына көлеңке түсіріп тұрған тозығы жеткен үйлер былтырғы жылдан бері жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Әбден тозығы жетіп, сылағы түскен 6 көпқабатты баспананың кем-кетігі жөнделіп, инженерлік жүйелері қалпына келтірілді. Қала тұрғындары баспаналарының басқа кейіпке енгеніне қуанулы.

Жақын келешекте шағалалы Шардара туризмнің де ордасына айналмақ. Баяғыдан-ақ қолға алынуы тиіс бұл саланың тамырына қан жүгіре бастады. Саяхат орны үшін су қоймасы жағалауынан 255 гектар жер бөлінді. Бұл маңға қонақ үй, яхт клуб, мейрамхана мен аквапарк, аңшылар мен балықшылар үй секілді 60-тан астам нысан салынады. Осылайша бір келген адам қайтып айналып соққысы келіп тұратын жұмақ мекенге айналмақ.

Айназ Бейімбет