Шымкент 2025 жылға таяу донор қалаға айналуы мүмкін

358

Алдағы сегіз жылда Шымкент донор қалаға айналуы мүмкін. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов осылай деді. Бүгінде Түркістан және Шымкент қалалары республикалық бюджеттен субвенция алып отыр.

Болжам бойынша алдағы 8-15 жылда Шымкент қаласы дотациялық өңірден донор шаһар деңгейіне дейін өседі. Министрдің бірінші орынбасары Шымкентте 2020 жылдан бастап жер салығы өсетінін мәлім етті. Қазір 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатқан көрінеді. 115 шарадан тұратын ауқымды жоспарды орындауға 870 млрд теңге бөлінбек.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Заңда кейбір сұрақтарға нақты жауап байқалмайды. Сол себептен мына Шымкент және Түркістан қалаларының дамытудың бас және егжей-тегжейлі жоспарлары қайта қарала ма? Жаңа мәртебесіне байланысты шекарасы өзгереді ме?»

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі: «Әрине өзгерістер бар. Шымкент және Түркістан қалаларының мәртебелері көтерілді. Енді Түркістан қаласы бойынша жаңа бас жоспар әзірленуде. Шымкент қаласы бойынша қолданыстағы бас жоспар түзетіледі. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының шекарасы Үкімет қаулысымен бекітілген. Түркістан қаласынан 12 аудандық окуруг Кентау қаласына берілді».

24.kz