Шымкенттің өз «періштесі» бар

743

Шырайлы қаланың көркіне көрік қосатын әсем ғимараттар, түрлі саябақтар көбейіп келеді. Олардың қатарына енді жаңа арбаттар да қосылмақ. Бүгінде Қошқар ата және Бекет батыр көшелеріндегі арбаттар қалалықтардың сүйікті мекеніне айналған. Бейбітшілік көшесіндегі жаңа арбаттың құрылысы да аяқталуға жақын.

Жуырда осы жаңа арбатта жарық шамдармен безендірілген ерекше «мүсінше» орнатылды. Қараңғы түнде сәуле шашқан шамдар қанаты бар адам бейнесінде. Сондықтан да болар шымкенттіктер мұны «біздің періштеміз» деп атап кетті.
Әлеуметтік желілерде ерекше композицияға алғыс айтып жатқандар көп. Бірі «Шымкенттің періштесі» деп ат қойып, айдар тақса, енді бірі «Шымкенттің әкімі көмекке ұшып келе жатыр» деп пікір қалдырыпты.

Желтоқсан айының алғашқы күндерінде құрылыс толық аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда. Қайта құрылымдау жұмыстары толық аяқталуға жақын, дегенмен тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Қаланың қақ ортасында құрылыс біткен соң ең басты арбат осы болмақ. Көшенің сол жағындағы көпқабатты үйлердің балкондары француздық үлгіде бір қалыпқа түсірілді. Терезе жақтаулары да бірдей. Сырланып, боялған.

Осы тараптағы арбат орналасқан аумақтағы жолдың ұзындығы 430 метр, ені 35 метрді құрайды. Классикалық нұсқада жасалған жұмыс расында таңдай қақтырарлықтай. Жаңа арбаттың құрылысына бюджеттен 560 млн. теңге бөлінген болатын.

Ерекше үлгіде жасалған арка, оюмен көмкерілген көше шамдары бәрі де үйлесім тауып тұр. Граниттен жасалған жол төсеніштері, велосипед жолағы, кіші архитектуралық мүсіндер, орындықтар, жарықшамдар, тұғырлар, каскадты субұрқақтар болады. Оның үстіне әрине әртүрлі көркем дарақтар, көшеттер отырғызылмақ. Ал қаладағы төртінші арбат алдағы уақытта Асқаров көшесінде салынуы мүмкін.

Үшінші мегаполистегі үшінші арбат қалалықтардың сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Ертегі әлеміндей әсер қалдыратын арбатта қыдырудың өзі бір ғанибет болмақ.