Түркістан облысында ұялы телефон арқылы ақша тонағандар ұсталды

305
Фото Tengrinews.kz

Түркістан облысы ПД-нің криминалды полицияның қызметкерлері жергілікті тұрғындарды әлеуметтік желі арқылы алдап алаяқтықпен айналысқан күдіктілердің қылмыстарын әшкереледі.

Мәселен, 2018 жылдың қарашасында Жетісай полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан белгісіз тұлғаның келіп, ұялы телефонын сұрап, оның жеке мәліметтерін біліп алып, шотынан 200 мыңнан астам теңгесін қолды еткендігі туралы арыз келіп түскен. Аталмыш жайт, ҚР ҚК-нің 190 «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тіркеуге алынды.

Жетісай полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шарасы барысында өз қылмысын мойындаған күдіктіні ұстады. Тексеру кезінде, күдікті азаматтың жәбірленушілердің атынан несие рәсімдеп алдаумен айналысқан тағы да алаяқтыққа қатысты 3 қылмысы белгілі болды.
Осылайша, алаяқ ағымдағы жылдың қазан айында Жетісай қаласы тұрғынының сеніміне кіре отырып, банк карточкасы арқылы 75 мың теңгеге несие алған. Қазіргі таңда, аталмыш жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190 «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Келтіріліп отырған шығынның жалпы сомасы жарты миллион теңгені құрап отыр. Тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, алаяқтық бойынша 2 жайтқа қатысы бар Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны құрықталды. Алаяқ әйел, жәбірленушілердің, Жетісай қ. тұргындарының, жеке мәліметтерін пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы онлайн-несие рәсімдеген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 200 мың теңгені құрап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.