Мүмкіндігі шектеулі азаматтар «Ізгі істердің» игілігін көріп отыр

447

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау – заман талабы. Бүгін Шымкентте өткен арнайы тренингте кедергісіз орта қалыптастырудың жолдары қарастырылды.

Шарада қозғалысы шектеулі азаматтардың қала аумағында емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін инфрақұрылым жүйелері қарастырылды. Тұрмыс нысандары мен қоғамдық көліктерге қойылатын талаптар талқыланды. Айта кетейік, бұл шара Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылған «Ізгі істер» айлығы аясында ұйымдастырылып отыр.
Әли Аманбаев, мүгедектер қоғамының төрағасы: «Мүгедек өзіне қоғамда қолайлы орта жасалған болса, өзін мүмкіндігім шектеулі деп есептемейді. Сондықтан кедергісіз орта қалыптастырудың маңызы зор. Шымкент бұл тұрғыдан көп қалаға үлгі. Бүгінгі шара аясында біз нысандардағы, көшелердегі мүгедектер жайлылығы үшін жасалған жағдайларды көзбен көреміз. Өз тарапымыздан ұсыныстар айтамыз».

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 33 мыңнан асады. Бұл санаттағы азаматтарға бір терезе қағидасы аясында жыл басынан бері қажетті жүріп-тұру және гигиеналық құрал жабдықтармен жалпы – 10 мыңнан аса адам қамтамасыз етілген болса, сауықтыру және оңалту орталықтарына 2 мыңнан аса азамат жолдамалармен, ал бір мыңнан аса адам «Әлеуметтік такси» қызметтерімен қамтамасыз етілген.

Мақпал Рысбаева