Шымкенттік жұмыс берушілер жалақыны көтеруге құлшынып отыр

568

Бүгін әлеуметтік қорғау саласы, еңбек инспекциясы өкілдері жұмыс берушілермен кездесіп, Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды талқылады. Айта кетейік, Елбасы 1-қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көтеруді тапсырды. Бұл ретте ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтындығын баса айтты.

Бастама қазірден шымкенттік жұмыс берушілер тарапынан қолдау тауып отыр. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары қазір Елбасы Жолдауындағы ең төменгі жалақыны көтеру бойынша жұмыс берушілермен тығыз әріптестік орнатқан.

Әкімдік өкілдерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандар қаңтарды күтпей-ақ, жалақыны өсіруге құлшынып отырған жұмыс берушілердің көбейіп отырғанын айтып қуантты. Жауаптылар жұмыс берушілерге жұмыс көлеміне қатысты еңбек қатынастары талаптарының да сақталуы қажеттігін ескертті.

Еламан Байдалы, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы: «Қазіргі таңда жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, кадр бөлімдерімен, жұмыс беруші мекеме басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. 1-қаңтарды күтпей, жергілікті кәсіпорындар жалақыны көтеру бойынша мәлімдеме жасады. Жаңа жылдан кейін жұмысшыларының еңбекақысын көтеруге құлшынып отырған жұмыс берушелір де аз емес. Олардың саны бүгінде 55-ке жетті».

Мақпал Рысбаева