Түркістан облысы тарихи орындар туралы фильмдер түсіруден көш бастап тұр

571

Биыл Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде нақты жұмыстар атқарылды. Соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша Түркістан облысынан 24 нысан республикалық тізімге, 60 тарихи-мәдени ескерткіш облыстық тізімге енгізілді.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде киелі орындарды ретке келтіру, дамыту үшін 2018 жылы облыс бюджетінен 686 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілсе, демеушілер тарапынан құны 208,4 млн. теңгенің жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру, Укаша Ата кесенесіне баратын автокөлік жолы, автотұрақ және орындықтар орнату, Аппақ Ишан мешітінің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Отырар қалашығының қақпасын қайта құру, іргелес аумағын абаттандыру, көгалдандыру жобасына облыстық бюджеттен 28,8 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған.

Биылоблыста археологиялық зерттеу жұмыстары күшейді. Облыстық бюджеттен Ханқорған қалашығын зерттеуге 32 млн. теңге,таңбалы тастарды зерттеуге 18 млн. теңге қаралған. Алдағы уақытта «Ханқорған» археологиялық қалашығында ашық аспан астындағы музей ашылады.

ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет деректі фильм түсірілді.

Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая республика көрермендеріне ұсынылды. «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» атты тарихи-анимациялық фильмдер республикалық және жергілікті телеарналардан көрсетілген.
Одан бөлек, «Түркістан», «Оқсыз», «Ордабасы — бірліктің туы» анимациялық фильмдері мен 10 сериялы «Төле би» телесериалы түсірілді. Ағымдағы жылдың 19 қарашасында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық халықаралық конференциясы өткізілді.

Түркістан облысы мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы ағылшын, қытай, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленіп, туристер жиі баратын 35 туристік нысанда және 100 монументтік өнер ескерткіштеріне QR-кодтар орнатылған.

Сонымен қатар, виртуалды 3 бейнеролик әзірленіп, VR-құрал жабдығы арқылы 360 градуста киелі орынды тамшалауға мүмкіндік жасалған. Облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге 21 бағытта туристік маршруттар ашылған. Бұл — туризмді дамытуға серпін беретін жұмыстар.

Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және «Оңтүстіктің қасиетті орындары:аңыз-әпсаналар» жинағы жарық көрген. 2019 жылы да Түркістан облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі