Театр қойылымы жемқорлыққа қарсы

503

Ордабасы аудандық Мәдениет үйінің «Темірлан» халық театры өнерпаздары 9-желтоқсан – Халықаралық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай көрермендеріне «Өзекті өртеген өкініш» қойылымын ұсынды.

Мансапқа жету жолында әзәзілдің «жанашыр», «дос», «бауыр» және сұлу ару бейнесінде кездесетіні көрсетілген бұл көріністің соңы бас кейіпкердің әзәзілдің сөзіне еріп, темір торға тоғытылғанымен аяқталды. Оның өзекті өртеген өкініш монологы көпшілікке салмақты ой салды.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалымжан Үсенбаев сыбайластыққа тосқауыл қою, тамырына балта шабу үшін әр азамат өз үлесін қосуы тиіс екенін, сыйлық алушы ғана емес, оны берушінің де қылмыскер екенін, бірдің кесірі – мыңға тиіп, кейде бір адамның қателігінен бірнеше адам зардап шегетінін айта келе, ордабасылықтарды Жемқорлықсыз Қазақстан құру жолында парасат биігінен көрінуге үндеді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бостандық Жәкей де сөз алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнінің халықаралық деңгей алуының себебіне тоқталды. «Темірлан» халық театры өнерпаздарына мәнді де мазмұнды қойылымы үшін алғысын жеткізді.