Өтірік өрт сөндірушілер құрықталды

231

Түркістан облысында екі адам алаяқтықпен айналысып, дүкендерді тонап келген. Өздерін өрт сөндірушіміз деп таныстырған олар үш кәсіпкерді алдап, ақша алған.

Қылмыстық оқиға өткен жылдың 29 желтоқсанында  Отырар ауданында орын алған. Отырар аудандық ПБ-не жергілікті кәсіпкерлер арызданды. Олардың айтуынша, белгісіз екі тұлға өздерін Облыстық өрт қауіпсіздігі басқармасының қызметкеріміз деп таныстырған.

Сөйтіп арнайы құрылғылардың көмегімен тексеру жүргізіп жатырмыз деп, алаяқтық жолмен ақшаларын алып кеткен. Жедел іздестіру шараларының барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері дүкендердің бірінен екі күдіктіні ұстады. Олар – Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Ұсталғандардың бірі шартты жазасын өтеп жатқаны белгілі болды.

Тергеу барысында сезіктілердің ауа тартқыш құбырларды тазалайтын фирмада жұмыс істейтіні анықталды. Қазіргі таңда олардың 3 алаяқтық дерегіне қатысы бары дәлелденіп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейін тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, босатқанын хабарлады.

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі