Әл-Фараби ауданындағы Хаят көшесінің тұрғындары көшелерін танымай әлек. Себебі жүк көліктерінен арылмайтын аула батпақтан көз ашпай тұр. Айтуларынша Қошқар ата өзенінің бойындағы жөндеу жұмыстары оларды әбден әбігерге түсірген. Қазір белшеден балшық басуға мәжбүр.
Полиэтиленді қалта хаяттықтардың айнымас серігіне айналған. Себебі көшедегі батпақтан аяқ киімді қорғаудың бірден бір жолы осы. Айтуларынша, есік алдында басталған құрылыс жұмыстары тас төселген көшенің талқанын шығарған. Жүк көліктері жарты жылдан бері тоқтаусыз жүріп, балшығы бітпейтін ойықты аула пайда болыпты.
Қошқар ата өзенінің бойында жөндеу басталғалы құтымыз қашты деген көше тұрғындары мекеме басшыларымен де тілдескен. Мардымды жауап таппаған жұртшылық арызын арқалап әкімдікке де барыпты. Бірақ, ондағылар да хаяттықтар өтінішін кейінге қалдырып келген.
Таза көшеге жету үшін талай табалдырықты тоздырған тұрғындар өз армандарына бүгін жетті. «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы барысымен, көшені қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмысына жауапты жандар Хаят көшесіне тас төсеуді бұрыннан бері жоспарлағанын жеткізді.
Өткен жылдан бері балшықты белшеден басып келгендер, аяқ астынан бастала кеткен жұмысқа аң-таң. Бастысы тас төселген көшеден өтетін болдық деп қуанып қалды.
Назерке Үкібасова