Еңбекші ауданының әкімі бес алды

549
Ғалымжан Ильясов Еңбекші ауданының әкімі

33 елдімекенді қамтитын Еңбекші ауданында бүгінде 295 мыңнан астам адам тұрады. Бүгінгі жиынға «Оңтүстік» шағынауданындағы тұрғындардан бөлек «Қарабастау», «Жалын», «Жұлдыз», «Бадам» елдімекендері мен «Көксай», «Көксай-2», «Көксай -3» шағынаудандарының халқы жиналды.

Еңбекші ауданы әкімінің халық алдындағы есебі

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2018 жылда атқарылған жұмыстарды тізіп шықты.

Бұл жолы жарыссөзге жазылғандар мадақтаудан гөрі сын айтуды жөн көрді. Жоғары деңгейде көтерілген мәселелері шешіледі деген сеніммен олар қордаланған түйіткілдерді жайып салды.

Ұлықбек Үмбет, тұрғын: «Қарабастау» ауылындағы көшелерді жарықтандыру мәселесіне тоқталғым келеді. Неше жыл болды әлі жобалық-сметалық құжат жасалды, міне АПЗ алынды, сараптамаға жіберілді деп. 2018 жылда  басталады деп еді. Қазір 2019 жылдың алғашқы айы құрылыс басталған жоқ».

Гүлпарқа Іргебаева: «Аудан әкімі Ғалымжан Ильясов мейірімді қарапайым әкім. Атқарған жұмысына оң бағамды бере тұрып, өтініш жасамақпын. «Жұлдыз» ауылына  кәріз жүйесін салып берсеңіздер, төрт құбыламыз түгел болатын еді. Кәріз жүйесі жоқ».

Көпшіліктің аманатын арқалаған ел ағалары жиналғандарды сабырлыққа шақырумен болды. Олардың мәлімдеуінше, коммуналдық мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сұрақтардың барлығын мұқият тыңдаған аудан әкімі тұщымды жауап беруге тырысты.

Ғалымжан Ильясов Еңбекші ауданының әкімі

Ғалымжан Ильясов, Еңбекші ауданының әкімі: «Қарабастау» ауылындағы көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз. Аудан әкімдігіне қатысты жұмысты – мәліметтерді, ұсыныстарды Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жібердік. Жоғарыдан мақұлданса, жарықтандыру жұмыстары  басталады. «Жұлдыз» шағынауданындағы кәріз жүйесіне қатысты  бүгінде мердігерді тапсырыс беруші сотқа берді».

«Жиында көтерілген мәселелер қараусыз қалмайды» деп сендірді әкім. Хаттамаға ілінген сұрақтар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Аудан басшысының командасымен былтыр атқарған жұмысына орташа, оң баға бергендер де болды. Келесі есеп 17 -ші қаңтарда сағат 11:00-де «Базарқақпа» тұрғын алабындағы №104 мектепте өтеді.

Шынар Оразова