Биыл Кентауда 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Біраз уақыттан бері құрылысы кенже қалған қала енді жаңа тыныспен сәулетін көркейткелі жатыр. Соңғы жылы халық саны да күрт өскен. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы шаһарға қоныс аударушылардың да қатары артқан. Осындай себептерге байланысты әкімшілік құрылыс саласында жүйелі жоспар құрып, биік межені көздеп отыр.
Ескі үйлерді мекен еткен тұрғындар жанайқайын жасыра алмады. Мұндағы жұрт апатты деп танылған баспаналарын босатқысы келмейді. «Табалдырықтан аттасам, панасыз қалам ба?» деген қорқыныштары басым. Алайда, жергілікті билік өкілдері ешкімді баспанасыз қалдырмайтындарын айтып сендіруде. «Тек тұрғын үй кезегіне тіркелсе болғаны» деп отыр.
Қуаныш Бекмұрзаев, Кентау қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің бас маманы: «Ол үйлер апатты деп танылды. Комиссияның қорытындысы шықты. Тұрғындар кезекке қойылып жатыр. Қазіргі таңда өз кезегі бойынша қамтылатын болады. Егер апатты деп танылған тұрғын үйден шықса тұрғындар уақытша пәтерлерге көшіріледі. Ал пәтер ақысы қала бюджетінен қарастырылады. Оның барлығы да жоспарланып қойған».
Кезекке тұрып, үмітін үзбегендердің бірі Айман Жүзтаева. 38 жастағы келіншек шиеттей 7 баласымен жалғыз қалған. Биыл 3 бөлмелі пәтердің иесі атаныпты. Айтуынша үй кілтін қолына алғанда әже атанып, қос қуанышы қатар келген.
Айман Жүзтаева, қала тұрғыны: «Ұзақ уақыт, 10 жыл бойы күттік қой. Қатты қуандық. Мектебі де жақын. Жылу да жақсы беріліп жатыр. 14 500 теңгеден төлейміз. Үйдің құжаттарын кеше алдым».
Кентауда өткен жылы екі тұрғын үй қолданысқа берілді. Қоныс тойын тойлағандардың барлығы да көпбалалы жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасылар. Игі бастама осы жылы да жалғасын таппақ. Оның бірден бір дәлелі қалада бой көтеріп жатқан 5 бірдей тұрғын үй.
Орынбек Тындыбаев, Кентау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы: «Биыл Кентау қаласы бойынша 5 үйдің құрылысы басталды. 2019 жылы аяқталып тапсырысқа беріледі».
Мәртебесі биіктеген қаланың алдағы уақытта сәулеті де көркейе түспек. Мұны тізгінді ұстаған әкімшілік өкілдері мәлімдеп отыр.
Назерке Үкібасова