«Отырар» медиахолдингі көтерген мәселе шешімін тапты

327

Шардара қаласындағы қоқыс полигоны туралы сайтымызда Шынар Оразованың сыни мақаласы жарияланған болатын. Осыған орай, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы хат жолдапты. Мәтінін өзгеріссіз беруді жөн деп таптық.

«Азаматша Ш.Оразованың «Отырар.кз» сайтында жарияланған «Шардараның маңындағы қоқыс қаланы басып қалмай ма?» атты сыни мақаласы бойынша төмендегіні хабарлаймын.

Соңғы жылдары Шардара қаласы аумағының бекітілген бас жоспарға сәйкес ұлғаюына байланысты бұрынғы полигон (2006 жылдан бергі пайдаланымдағы) қала шекарасына жақын орналасып, аталған полигонды көшіру жөнінде 2018 жылы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда Шардара қаласының солтүстік-шығыс бөлігінен қала шекарасынан 2 шақырым қашықтықта жаңа жер телімі бөлініп, аудандық бюджет қаржысы есебінен 2018 жылдың желтоқсан айында полигон аумағы қоршалып, полигонға баратын кіреберіс жолға тас төселді.

Тұрғындар тарапынан түнгі мезгілде ескі полигон сыртына және кіреберіс жол бойына тасталған қоқыстар полигонның меншік иесі «Шардара сервис» МКК тарапынан тазаланып, қоқыстар полигонның ішіне кіргізілуде.

2019 жылдың 1 тоқсанында бұрынғы полигонды жабу жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық қалдықтар жаңа полигонға шығарылатын болады».

«Отырар» телеарнасы мен «Отырар.кз» сайтында жарияланған мәселе осылайша шешімін тапты. Медиахолдингтің қаламы қарымды тілшілері қоғамдағы ауыздықсыз кеткен мәселелердің шешілуіне әрдайым мұрындық болып келеді. Көпшіліктің көзайымына айналған ұжым алдағы уақытта да өткір мәселелерді қаузап, шешімін табуына атсалысатын болады.