Шымкент мектептері жас сарбаздарды даярлауда. №80 мектеп-лицейінің «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбының тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының Қарулы күштері ардагерлерімен кездесті. Әскери сыныптың бір күнімен таныстырды.
Жауынгерлік дәстүрді жалғастыратын шарада жас сарбаздар, алдымен, саптық жүріс пен пәрмендерді бұлжытпай орындап шықты. Осы кезге дейін «Жас сарбаз» сыныбында жинаған әскери білімдерін паш етті. Ұрандары: білім, абырой, ерлік.
Дінмұхаммед Полатов, №80 мектеп лицейінің «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбының тәрбиеленушісі: «Бұл мектеп білімділікке, ұқыптылыққа, Отансүйгіштікке үйретті. Осы сыныптың ашылатынын естігенде бірден ата-анама айтып, жазылдым. Маған қатты ұнайды».
Еске сала кетсек, 2018 жылдың қазан айында Елбасының тапсырмасына сай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, «Жас сарбаз» Республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы Шымкент қаласы әкімдігімен меморандумға қол қойған болатын.
Көздегендері – өз елін сүйіп, Отанын қорғайтын өскелең ұрпақты дайындауға бірлесе атсалысу. Осы орайда үш жақтың өкілдері Шымкент мектептерінде «Жас сарбаздар» сыныбын ашуға уәделескен болатын.
Меморандум аясында №80 мектеп-лицейінде «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан республикасының ардегерлері дәл осы сыныптың тәрбиеленушілерімен кездесті. Онда 7-ші сыныптардан іріктелген 27 оқушы тәрбиеленуде. Барлығының да әскери салаға деген қызығушылығы айырықша.
«Жас сарбаз» мектебінде балалар түске дейін негізгі пәндерді өтсе, түстен кейін әскери дағдыларды үйренеді. 7 сыныптан 11 сыныпқа дейін әскери дәріс алып, мектеп бітіргенде аттестатына «Жас сарбаз» сыныбын бітіргені жайлы сертификат беріледі.
«Бұл оқушылардың болашақта әскери салаға барғысы келсе, өз септігін тигізеді» дейді «Жас сарбаздар» сыныбының жетекшісі.
Жас сарбаздардың бір күнімен танысуға келген ардагерлер болашақ жауынгерлердің аз уақыттың ішінде жинаған тәжірибелеріне оң баға берді. Сондай-ақ, аға буын өкілдері оқушыларға әскери сала жайында қызықты әңгімелер айтып, оларды ел қорғайтын жауынгер болуға шақырды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдауында әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуды ерекше атап өтті. Үш жақты қолға алынған игі бастама өз жемісін беруде. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 800-ден астам әскери-патриоттық клубтар мен 10-ға тарта «Жас сарбаз» әскери сыныптары жұмыс істеуде.
Әлия Әділбек