Түркістан облысын таңдайтын қоныстанушы көп

459

Түркістан облысына білім алуға ағылған шетелдік студенттер де, еңбек етуге келетін мигранттар да жетерлік. Оған газетіміздің бұған дейінгі сандарында жазған мақаламыз дәлел. Одан қалса, Атажұртын аңсап, тарихи отанына оралған қандастарымыздың да қатары қалың. Мысалы 2018 жылдың 1 қаңтары мен 1 тамыз аралығында Түркістан облысына 1081 отбасы келіп, 1819 адам оралман мәртебесін алған. Бұған Түркістан облысының ауа-райының қолайлы болуы, өңірдің мал шаруашылығы мен егін шарушалығына ыңғайлы екені, оңтүстік халқының қонақжайлығы себеп.

Айзада Тұрсынқұлова – зейнеткер, 5 баласынан 16 немере сүйіп отырған әже. Ол биыл қызы мен немересін ертіп, көршілес Өзбекстанның Бостандық ауданынан Қазақстанның Түркістан облысына қоныс аударады. Айзада апай әңгімесін алғыс айтудан бастады. Елге оралуға мүмкіндік туғызып, құшақ жая қарсы алған атажұртына алғысы шексіз.

Айзада ТҰРСЫНҚҰЛОВА: 
– Біз де талайлар сияқты, тарихтың, тағдырдың жазуы-мен Өзбекстанда қалып қойғанбыз. Содан күні бүгінге дейін сол жақта өмір сүрдік. Бірақ өзіммен бірге келген қызымнан басқа балаларымның барлығы Қазақстанға көшіп келгендеріне біраз болды. Үлкен ұлым 17 жыл бұрын, одан кейінгі перзентім 8 жыл алдын қоныс аударған. Тағы бір қызым Алматыға тұрмысқа шығып, сол жақта тұрып жатыр. Ұлдарымызды үйлендіріп, қыздарымызды қияға қондырып, жайғастырдық. Аяқтарына тұрып кетті. Содан біз де «өз қандастарымыздың алдына жақындайық» деп шештік. Ол жақта біз үшін болашақ жоқ екенін түсіндік. Немерелеріміз өзінің қандас бауырларымен оқып, ойнап, есейгенін қаладық. Сонымен, отағасымен келісіп, тарихи Отанымызға бет алдық. Менімен бірге қызым көшті. Оның күйеуі қайтыс болған, сондықтан қолындағы сәбиін алып, менімен бірге келді. Жолдасым Өзбекстандағы үйіміз сатылғанға дейін сол жақта қалды. Кейін ол да келеді. Мұндай шешім қабылдағанымызға еш өкінбедім. Керісінше, қазағымның иісі аңқып тұрған Түркістан облысына келгеніме қуаныштымын. Ешқандай ақша, үйден үміттенген жоқпыз, бастысы өз ұлтымыздың азаматтарына қосылу болды – көздегеніміз. Халық жақсы қарсы алды. Алғысым шексіз.

1991-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасына шет мемлекеттерден 289 361 қазақ отбасы немесе 1 157 063 қандасымыз қоныс аударған. Ал облыс аумағына 1991-2017 жылдар аралығында 69 598 отбасы немесе 219 799 оралман қоныстанды

«Қазақтар өз отандастарын қолдайды, қорғайды»

Отандасымыз келе салысымен көші-қон басқармасына барып тіркеліп, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан оралман мәртебесін алады. Зейнетақысын Қазақстаннан алуға болатын естіп, құжаттарын да реттеп алыпты. Енді қазір ҚР азаматтығын алудың қамында жүр. Оған дейін басқармаға қарасты оралмандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр.
Қызым, немерем – үшеуімізге бір бөлме берді. Азаматтық алу деген де оңай емес қой. Жүгіретін жұмыс көп, әсіресе, құжаттарды реттеу біраз уақытты алады. Міне, осы уақыт аралығында отандастарымыз бізді далада қалдырмады. Орталықта барлық жағдай жасалған. Тамақтан басқасының барлығы тегін екен. Одан бөлек, түрлі үйірмелер бар. Пәндік сабақтарға қатысамыз. Тіл үйреніп жатырмыз. Азаматтық алғаннан кейін аяққа тұрып кету үшін жұмыстың да қамын ойластырып қойдық. Мысалы мұнда түрлі кәсіптік-техникалық мамандықтарды оқытып, сертификат береді екен. Мен аспаз кәсібін, қызым шаштараз маманын оқып жатыр. Сертификатымызды алған соң жұмыс тауып береді,- дейді Айзада Тұрсынқұлова.
Ол арманының орындалғанына қуанады. «Енді ештеңеден қорықпаймын, қолдайтын, қорғайтын, қиын кезде қол ұшын беруден қашпайтын қазағым бар» деп марқаяды.

Отандастарға арналған орталық

Бейімдеу орталығының заңгер-кеңесшісі Арабхан Бектұровпен тілдестік. Айтуынша, бұл орталықта оралман мәртебесін алған, ҚР азаматтығын алуға өтініш білдірген азаматтар, азаматтық алғанға дейін тұра алады.

Арабхан Бектұров, Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығының заңгер кеңесшісі:
– Заңға сәйкес, оралмандар азаматтықты 1 жыл ішінде алу керек. Міне, осы уақыт аралығында олар біздің орталықта тұра алады. Барлық жағдайды ұсынамыз. 131 адамға лайықталған.
Ол орталық ұсынатын қызметтерді атап шықты. Сонымен орталыққа орналақсан оралмандар:
ақпараттық және анықтамалық қызметтерді ұсыну;
аударма бойынша қызметтерді көрсету;
жұмысқа орналастыруда, кәсіби дайындықта, қайта даярлауда және біліктілікті арттырудағы көмек;
Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті және дәстүріне негізделген дәрістер өту;
құқықтық көмек көрсету (кеңестер, консультациялар беру және оралмандарды қабылдау, азаматтық, әлеуметтік жәрдемақыларды алу өңірлік квотасына енгізуге тіркелу, өтініш беруде көмек көрсету);
қазақстандық азаматтық алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу;
мемлекеттік және орыс тілдерін оқыту сынды
қызмет түрлерін пайдалана алады.

Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Көші-қон және әлеуметтік әріптестік» бөлім басшысы міндетін атқарушы Шухрат Абдрашитов бөлім тарапынан көрсетілетін жәрдем түрлерін атап шықты.

Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Көші-қон және әлеуметтік әріптестік» бөлімі Түркістан қаласы, Кентау тас жолы, 2 үй

Шухрат Абдрашитов, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Көші-қон және әлеуметтік әріптестік» бөлім басшысы міндетін атқарушы:
Түркістан облысына келген оралмандарға үй беру немесе тағы басқа материалдық көмек қарастырылмаған. Десе де оларды қолдау шаралары бар. Атап айтқанда, оралмандарға арнайы орталықта бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерінен бөлек, ҚР Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен, ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтік қорғаумен, ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етіледі. Келген оралмандар бірден көші-қон басқармасына барып, тіркелу керек. Одан соң, бізге келіп оралман мәртебесін алады. Сол аралықта оларға «Ыхтияр хат» беріледі. Содан кейін азаматтық алуға өтініш жазу керек. Бөлімдегі кез келген маман қандай құжаттар қажет екенін айтып, қалай толтыратынын көрсетіп, көмектеседі.

Қай ауданға жиі қоныстанған?

Шухрат Абдрашитовтың мәліметінше, 2018 жылдың 1 тамызына дейін Түркістан облысына 1081 отбасы келіп, 1819 адам оралман мәртебесін алыпты.
Оның 286-сы ер азамат (47,4 %), 957-сі әйелдер (52,7%). Басым бөлігі Өзбекстан Рес-публикасынан келген.
Өзбекстанннан – 1699 адам, Түркиядан – 2 адам, Түркіменстаннан – 21 адам, Тәжікстаннан – 3 адам, Ресейден – 8 адам, Қырғызстаннан – 4 адам, ҚХР-дан – 30 адам, басқа да шет елдерден – 52 адам келген. Жас шамасы бойынша, зейнеткерлер – 191(10,5%), еңбекке жарамды – 1135(62,3%) адам болған. Оның ішінде 97-сі (5,3%) жоғары білімді. 387-сінің (47%) орта арнаулы білімі болса, 649-ы (35,6%) мектеп бітірген.
Қоныстану тенденциясына қарасақ, Сарыағаш ауданына – 697 (23%), Қазығұртқа – 217 (0,7%-ға), Мақтааралға – 197 (0,6 %), Сайрамға – 167 (0,56 %), Ордабасыға – 193 адам (0,6 %), Түлкібасқа – 107 (0,3%) көшіп келген. Қалғаны басқа аудандарда қоныстаныпты.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №40, 3 қазан 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті