Түркістанда мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілетін нысандарды бұзу жұмыстары басталды

308
фото shymkenttv.kz

«Рухани-мәдени орталық» аймағында орналасқан 170-тен астам нысанның сүрілмек. Бұзылатын ғимараттардың 158 жеке тұрғын үйлер. Қалған 13-і сауда нүктелері, тойханалар мен қонақ үйлер.

Бұл ғимарат Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің іргесінде тұр. Кезінде жеке кәсіпкер асхана ашу үшін іргетасын қалапты. Алайда, рұқсат алмаған. Ол іс өткен жылы анықталып, нысанды бұзу туралы сот шешімі шықты.
Сандыбай Ахатаев, сот орындаушы: «Сот шешімін орындауға хабарлама берілген. 7 айда Осы ГАСК қызметкерлерінің қатысуымен. Енді содан бері екі ай уақыт өтті. Енді бүгінгі күнге тағы тағайындап отырмыз”.

Алайда, құрылысқа қыруар қаржы жұмсаған кәсіпкер нысанды қиратуға  қимаған. Сөйтіп, нысанды бұзу жұмыстарын өзі орындауға келісіпті.

Сұлтанбек Дүйсенов, кәсіпкер: “Сот шешімі шыққан кейін амал жоқ мен келістім. Енді соған байланысты бұзып жатырмын”.

Бүгінде бұзылатын өзге де нысан иелерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 60 тұрғын мемлекет тарапынан берілетін өтемақымен келіскен. Қала әкімінің айтуынша, тұрғындар жерінің әр сотығы үшін бес жүз он сегіз мың теңгеден өтемақы алады. Сонымен қатар, ауласындағы жеміс ағаштары мен баспанасының сапасына қарай тағы да қосымша қаржы төленеді.

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: “Түсіндірме жұмыстарын әрдайым өзім жасап отырмын. Ол бойынша бізде штаб құрылған, соның төрағасымын. Ол 23 адамнан тұрады. Оған ешқандай да кедергі жоқ. Бірінші кезекте біз 7 нысан түсетін жерлерді ғана аламыз. Бәріне бағалау жұмыстарын жүргіздік. Бірақ ол бәрін жаппай бұзып тастау деген сөз емес. Өзінің рет-ретімен, бекітілген тұжырымдамаға сәйкес жүргізіледі. Халық  түсініп отыр, қолдап отыр. Енді әрине  кейбір жерде біреуінікі жоғары, бірінікі төмен. Ол жүргізген құрылыстарының сапасы мен шығына байланысты”.

Айта кетейік, сүрілетін нысандардың барлығы бірден жаппай бұзылмайды. Барлығы құрылыстың ретіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылады. Сүрілген нысандардың орнына туристер  аялдайтын жаңа 7 нысан  салынады. Қазір көне шаһарды келбеті келіскен облыс орталығына айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

shymkenttv.kz