Жеке серіктестік арқылы аулаларды абаттандыру қолға алынбақ

234

Аудан әкімдерінің халық алдындағы жылдық есептері аяқталды. Енді шенеуніктер қарашадан түскен шағымдар мен өтініштердің шешілу жолын іздестіруде. Алғашқылардың бірі болып, Әл-Фараби ауданының әкімі іске кірісті. Аудан басшысына түскен сауалдың басым бөлігі аулаларды абаттандыру, ескірген үйлерді жаңғырту және қоғамдық көлік мәселесіне қатысты болатын.

«Қарасу» шағынауданындағы бұл үйлердің алды 1990, соңғысы 1995 жылдары пайдалануға берілген. Қазір ескірген, шатырдан су сорғалып 5 -ші қабат тұрғындарының мазысы қашыпты. Үй тұрғындарының жалпы жиналысында шатырды алмастырып жертөледегі жылу жүйелерін жөндейміз деген шешім қабылданған. Аудан әкімінің кездесуіне келгендер осы өтініштерінің орындалатынына сенімді.

Көпқабатты үйлерді жаңғырту бағдарламасы Шымкент қаласында 2011 жылы басталған. Әл Фараби ауданы бойынша 53 үй жөндеуден өткізіліпті. Сала мамандарының айтуынша жаңғырту бағдарламасын қабылдау үшін көпқабытты үй тұрғындарының 100 пайызының келісімі қажет. Арнайы хаттама толтырылып, ол «Тұрғын үй Шымкент» мекемесіне өткізіледі. Биыл аудан бойынша екі үйдің құжаты дайын.

Ауданда ауланы абаттандыру бойынша да үлкен жоспар бар. Аудандағы 400 ауланың 50 пайызы ғана жаңартылып, балалар ойнайтын алаңшалар жасалыпты. Биыл 171 ауланың жобалық-сметалық құжаты дайындалыпты.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Бюджеттен қаражат бөлінсе, біз аулаларды абаттандырамыз және қала әкімі жекеменшік серіктестік арқылы да ауланы абаттандыруды қолға алуға тапсырма берді».

Әл Фараби ауданы Шаһардың орталығы болғандықтан мұнда инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешілген. Тек 2015 жылы Сайрам ауданынан қосылған екі елді мекендерге қоғамдық көлік мәселесі ғана өзекті. Аудан басшысы оның да оңтайлы шешілетініне сенімді.

Нұрлан Күдерұлы