Бірінші сынып оқушысын құтқарған мұғалімдер марапатталды

285

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев 1-сынып оқушысын ажалдан арашалап қалған 4 ұстазды қабылдап, алғыс хатпен марапаттады. Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға 2019 жылдың 28 қаңтары күні Жетісай ауданында орын алған болатын.

«Алғашқы әскери дайындық» семинарынан қайтып келе жатқан 4 мұғалім ауыл ортасынан кесіп өтетін канал жағасында жанұшыра жүгіріп жүрген баланы көріп, көліктерін тоқтата сала көмекке жүгіреді.

1 сынып оқушысы Әжіқұл Қажымұқанның суға түсіп кеткенін білген жігіттер бірі суға түсіп, бірі ағысқа қарай іздеп, әзер дегенде судың иірім жасап құбырға енетін жерінде ағараңдаған баланың киімін байқайды. Сөйтіп, бәрі иірімді қолмен сүзіп, құбырдың ішіне жұтылып бара жатқан баланы ажалдан құтқарып қалады. Біраз су жұтып үлгерген Қажымұқан ұзындығы он метрге жуық құбырға кіріп кеткенде құтқару мүмкін болмас еді.

Алғашқы көмек көрсету жолдарын оқушыларға дәріс ретінде үйретіп жүрген мұғалімдер су жұтып, тұншығып қалған балаға көмек көрсетіп, тез есін жидырады. Су киімдерді шешіп тастап, өздерінің сырт киіміне баланы орап алып, көліктерімен үйіне жеткізген болатын.

Баланы ажал аузынан алып қалған ұстаздардың ерлігі елеусіз қалмады.

Жанар Есенбекова