Кәсіпкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы «қадам» түсіндірілді

558

Күнгейде кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін күрес жалғасып жатыр. Кезекті жиын тағы да Түркістанның төрінде,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Ауқымды шараға облыстық кәсіпкерлер палатасы мен белгілі және бастауыш кәсіпкерлер де келді. Ал жиынның модераторы, аталған департамент басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы «Елбасы кәсіпкерлікті қолдауға, бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге және елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуде қиындықтар жасалмауы тиіс екеніне көңіл бөліп отырады. Департамент азаматтармен және бизнес-құрылымдарының өкілдерімен тікелей қарым – қатынасқа және кәсіпкерлікті қорғауға ерекше мән береді», – деп арнайы атап өтті.Сондай-ақ, келелі кездесуде сөз сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бағытында жасалып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті. Ал департаменттің басқарма өкілдері де Агенттік бастауымен енгізілген «Protecting Business and Investments» жобасының жүгенді мақсаттарымен таныстырып, тиімділігін құнттады.

Басқосуға арнайы бұрылған кәсіпкерлер өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарды жауапты мамандарға жолдай отырып, ұсыныстарын да айтуды ұмытқан жоқ. Ал ұйымдастырушылар тарапы бұл шараға қатыса алмаған кәсіпкерлер үшін де арнайы анықтама телефонын ұсынып, мән-жайды толығымен түсінуіне мүмкіндігі бар екенін екшеді.

Сонымен, облыс әкімдігімен кәсіпкерлікке қатысты ұсыныстар мен шағымдар бойынша  арнайы +7 778 555 60 30 What’sApp нөмірі іске қосылған-ды.

Мөлдір Бекеева