Мерекенің алдында Шымкентте гүл сатушылардың саудасы қызып тұр

902

8 наурыз – қыз-келіншектер қуанышқа, ал гүл сатушылар пайдаға кенелетін күн.

Жыл сайын осы бір шуақты мерекенің қарсаңында гүл шоқтарының бағасы шарықтап кететіні тағы бар. Ал биыл ең арзан гүлдер Шымкентте сатылып жатыр. Мұны байқаған ер-азаматтар анасына раушан, сүйіктісіне қалампыр, қарындасына қызғалдақ алып қалуға асық. Гүл павильондары қызыл-жасылды кілемге оралғандай. Мереке қарсаңында гүл таңдауға келушілердің қатары көбейген.

Сан алуан түрі көздің жауын алады. Мұнда көктемгі қызғалдақтардан бастап, голландық қызғалдақтардың кең таңдауы ұсынылған.

Айзада Пернебекова, сатушы: «Адамдардың жағдайын ескеріп, әрине, гүлдің бағасын түсіріп сатудамыз. Мәселен, біз тапсырысты алдын ала жасап қойдық. Алматыдан голландық раушан гүлдерін жеткіздік».

Сауда қатарынан құмырадағы әсем де нәзік гүлдерді көптеп кездестіресіз. Бағасы да қолжетімді. Дала қызғалдақтарының данасы 400 теңгеден сатылса, голландық раушан гүлдер 700 бен 1000 теңге аралығында, қалампырдың бір данасы 150 теңге. Қалтаңыз көтерсе 5 мың теңгеге дейін гүл шоқтарын сатып алуға мүмкіндігіңіз бар.

Оқушылар: «Апайымызды мерекемен құттықтамақпыз. Мүмкіндікті пайдаланып барша әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз, отбасыларыңызға амандық, бақыт, шаттық көңіл тілейміз».

Максим: «Апайымды әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Ауырмасын және үнемі көңілді болып жүрсін».

Тұрғын: «Көктемнің алғашқы мерекесімен ақ жаулықты аналарымызды, қыз- келіншектерді құттықтаймын. Әлемдегі барлық  жақсылықты тілеймін. Зор денсаулық, қажымас қайрат, әрине махаббат тілеймін».

Сүйгеніне қалампыр, анасына раушан, қарындасына қызғалдақ іздегендердің мақсаты аруларын қуанту. Мерекеде құшағын гүлге толтырып, сезімін, қала берді алғысын жеткізу. Биыл ер азаматтарға бағам да қарасып тұр. Әдетте бағасы шарықтап кететін гүл шоқтарына қол жеткізіп, артылған қаржысына қосымша сыйлық алуға асық.

Шынар Оразова