Төрт түлік түгенделіп, сырға салынуда

736
rb-51.kz

Шымкенттің мал дәрігерлері төрт-түлікті түгендеп, сырға салып жүр. Сондай-ақ, түрлі дертті анықтау үшін сынама алуда. Бруцеллез ауруының алдын алу шарасы басталды. Бүгін “Ынтымақ” шағынауданы тұрғындарының қораларын аралап шықты.

Шымкентте қорада мал ұстайдындар көп. Санақ бойынша 76 мың ірі қара, 122 мың уақ мал бар. Төрт түлікпен күнелтетіндердің басым бөлігі шеткі шағынаудан тұрғындары. Бір ғана “Ынтымақ” елдімекенінде 200 ірі қара, 300 қой мен ешкі бар екен. Мал егелері осы қорадағы төрт түліктің ауырмағанын тілейді. Сондықтан да ветеринарлармен тығыз байланыста.

Тұяқтыдан алынған қанды мал дәрігері арнайы құтыға салып, аумақтық зертханаға тапсыруы тиіс. Жас маман Еркін Базарбаевтың айтуынша, бір күнде 40 – тан астам малдан сынама алады, сырғалайды. Өткен айда 17 мыңға жуық уақ малдан сынама алыныпты. Ауру табылмаған.

Төрәлі Жұбанов, “Шымкент қалалық ветеринариялық қызмет” МКК директорының орынбасары: «Әрине, салынған егу жұмыстарының арқасында мал ауруының саны кеміп отыр. Өткен жылы ауырған малдар арнайы бекеттерде сойылды және егелеріне өтемақы төленді. Ақшаның жартысын мал сою орны, бір бөлігін әкімдік төлейді”.

Сондай-ақ, төрт-түлікті сырғалау шарасы да басталған. Ірі қара малға сырға қаралмапты, ветеринарлар қолда бар сырғаны салып жатыр. Ал ұсақ малдарға сырға жеткілікті. Айтуларынша осы айдың соңында сарып ауруына қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. Ал сәуір айында қырым қанды қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Нұрлан Күдерұлы