Түркістанда «Агроөнеркәсіп кешенінің озық технологиялары» атты көрме өтті

329

Бүгін Түркістан қаласында «Агроөнеркәсіп кешенінің озық технологиялары» атты көрме өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған топ ең алдымен ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялармен танысты.

Көрмеде көпшілікке ауыл шаруашылығы өнімдері, асылтұқымды төрт түлік малдың түрлері мен заманауи техникалар ұсынылды. Сондай-ақ, көрмеде шаруаларға сүт қабылдау бекеттерінің жұмысы көрсетіліп, салмағы 1 тоннадан асатын «Абердин – ангус» бұқалары мен асылтұқымды қаракөл қойларының ерекше түрлерін көруге мүмкіндік болды.

Көрмеде заманауи техникалармен жабдықталған ауыл шаруашылығына арналған арнайы машиналар мен құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды. Ауыл шарушылығы техникаларынан әлемге танымал Джон-Дир, Ламборджини, Сампо-лев сынды тракторлары көрсетілді. Егін шаруашылығы бойынша минералды тыңайтқыштар, гербицид, пестицид және тағы басқа препараттар қойылды.

Сонымен қатар, көрмеге азық-түлік белдеуін құруға байланысты жаңбырлатып және тамшылатып суаруға арналған жылыжай кешені жабдықтарын шығаратын өндірушілер қатысты.

Бұдан өзге, асылтұқымды мал түрлерінің (қой, жылқы, бұқа, түйе) көрмесі ұйымдастырылды. Құс және балық өсіруде қолданылатын құрал-жабдықтарды өндіретін мекеме мамандары мен құрама жем және малға қажетті түрлі дәрумендер шығаратын зауыттардың, ветеринариялық дәрі-дәрмектердің барлық түрін және қолдан ұрықтандыру жабдықтарын шығаратын өндіріс орындары өз өнімдерін таныстырды.