Жетісайлық диқандар алғашқы өнімдерін ала бастады

263

Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары биылғы алғашқы өнімін ала бастады. Қазіргі таңда Атамекен ауыл округінде қаңтар айында егілген қырыққабат жиналып, Ресейге экспортталуда. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде БАҚ өкілдері алғашқы егістік алқапта болып, шаруалардың жай-күйімен танысты.

Жетісайлық диқандар биылғы шаруашылық жұмыстардың нәтижесі  табысты басталғанын айтуда.

«Біз қырыққабатты қаңтар айының 10 күні ектік. Жабындыны доға етіп жаптық. Арнайы дәрумендерін бердік. Қазір 40 адамнан астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Қырыққабаттың  келісі 210 теңгге бағалануда. Бұл жетісайлықтар  үшін рекордтық баға. 3 гектар жерге 80 мың түп Кевин және Фараон көшеттерін отырғыздық. Алғашқы терімде-ақ 20 тонна өнімді Ресей мемлекетіне жөнелтіп отырмыз», – деді «Ықылас» шаруа қожалығы төрағасы Араб Рәтов.

Биыл ауданда көктемгі дала жұмыстары қарқынды. Қазірдің өзінде 40 мың гектар жер тырмаланып, 25 мыңнан астам гектар жер қопсытылды.  Биыл аудан бойынша 45 мың гектарға мақта шитін себу көзделген. Мамандар биыл жанар-жағармай мен тыңайтқыштардан тапшылық болмайтынын айтуда.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі