Жыл басынан бері қалада 45 өрт оқиғасы тіркелген

268

Шымкентте жыл басынан бері 45 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза болған. Тұрғындардың өртке қарсы шаралардан бейхабар болуы тілсіз жаудың артуына себеп. Апаттың алдын алу ең алдымен тұрғындардың өз қолында дейді өрт сөндірушілер.

13 жастағы Бақытжан Беркімбай қызыл жалынмен бетпе-бет келгендегі қауіпті жақсы біледі. Ол отқа оранған үйден қос бірдей бүлдіршінді құтқарып қалған. Осы жағдайдан кейін жеткіншек өрт сөндірушілер үшін өкіл баласындай боп кетті.

Бақытжан Беркімбай: «Осы оқиғадан кейін өрт сөндіруші болғым келеді. Басымнан өткен жағдайдан кейін деп ойлаймын. Адамдардың қауіпсіздігіне жауап бергім келеді».

Апат айтып келмейді. Сондықтан ең алдымен тұрғындардың өздері сақ болуы қажет.

Нұржігіт Сейдуллаев, «Өрт сөндіру кезінде ең бірінші адамдарды шығару, сол жерде электр желісін өшіру керек. Себебі электр ол су өткізгіш болып табылады. Адамдар тоққа түсіп қалмас үшін бірінші кезекте, электр сымдарын өшіріп, газ бар оны да өшіріп, бізге нақты мәлімет беруә керек».

Айта кетейік, қала бойынша жыл басынан бері 45 өрт жағдайы тіркелген. Отты дер кезінде ауыздықтаудың нәтижесінде 2 адам құтқарылып, 8 тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылды. Өкінішке орай, ажал құшқандар да бар. 3 адам тілсіз жаудың құрбаны болыпты. Бұл тек жыл басынан бергі сандар, ал жаз мезгілінде өрт қаупі өрши түседі.

Азиз Сайыпов, Жедел басқару орталығының басшысы: «Жаз айларында шақырту көбейеді. Қала бойынша орташа 40-45- ке дейін болуы мүмкін. Ал қыс мезгілінде тұрғын үйлердің жануынан 11-12 шақырту болады. Көктем-күз мезгілдерінде, өрттердің саны азаяды. Шымкент бойынша 4-5 қана өрт болады».

Бүгінде миллион тұрғыны бар шаһарымызда 9 өрт сөндіру бөлімінде 717 адам қызмет етеді. Дегенмен, «сақ болсаң, сақтаймын» деген. Өрт сөндірушілерге сенім артқанымен тұрғындар да, жеке қауіпсіздік мәселесінде селқос болмауы керек.

Айя Мүтәлі