«Қабырғасы сөгілген ғимарат. Суық әрі сұрқай бөлмелер. Тозығы жеткен құрал-жабдықтар мен сынған кереуеттер. Лас ыдыстар. Сарыағаштағы №12 интернаттың тәрбиеленушілері адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр». Заңгер Айман Омарова фейсбуктегі парақшасында бұл интернаттың жағдайын осылай суреттеді. Фотосуреттерін де жариялаған. Заңгердің жанайқайы көпшіліктің арасында резонанс тудырды. Халық арасында талқыға түскен осы жайтқа қатысты мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін арнайы Сарыағашқа бардық.

5 күн жатып-оқиды

№12 С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернаты Сарыағаш қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жердегі Жылға ауылдық округінде орналасқан.
17 жылдан бері оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиесімен айналысып келе жатқан мекемеде бүгінгі таңда 70-ке жуық бала жатып-оқиды. Көбі ауданның шалғай ауылдарында тұрады. Ата-анасы оларды күнделікті мектепке алып барып, әкететін жағдайы жоқ. Сондықтан да осында оқытуға мәжбүр. Тәрбиеленуші-оқушылар да мұндағы жағдайға үйреніп қалған секілді. Себебі аптаның 5 күнін осында өткізеді. Үйлеріне тек демалыста ғана барады.

Әр бөлмеде 5-6 бала

Мұндағы адам төзгісіз жағдайды көзімізбен көргенде жағамызды ұстадық. Осында балалардың қона жататынына сену қиын. Бір сөзбен айтқанда мұндағы оқушыларға ешқандай жағдай жасалмаған.
Мәселен, аядай 1 бөлмеде 5-6 баладан жатады екен. Бірінің төсек жаймасы болса, енді біріне жетпейді. Бірі — амалдап ескі-құсқысын пайдаланса, екіншілері үйінен әкеліпті. Интернатты аралау барысында мұнда барлық оқушы үшін 1 ғана жуыну бөлмесі жұмыс істейтінін байқадық. Оның да сиқы мәз емес. Жылы суы да жоқ. Әжетхана далада орналасыпты. Балалар қысы-жазы сонда барады. Халі көңіл көншітпейді.

Қол жуатын орын жоқ

Асхананың да жағдайы да оңып тұрған жоқ. Бір қабатты ғимараттың көмірмен жылытылады. Іші суық. Тоз-тозы шыққан. Асханаға қатысты қарапайым ғана талаптар сақталмаған. Қол жуатын орын жоқ. Ыдыстар лас. Балалар өз-өздеріне қызмет көрсетеді.
Мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Баршагүл Қожабаеваның айтуынша, оқу жылы қарсаңында жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары келіп, интернатты тексеріпті.
– 2018 жылдың қыркүйегінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары тексерген. Осыдан 2 ай бұрын облыс-тан келіп тексерді. Ешкім ешқандай ескерту жасаған жоқ,- дейді Баршагүл Қожабаева.

Өрт қауіпсіздігі сақталмаған

Мектеп-интернатта техикалық қауіпсіздік ережелері де сақталмаған. Мұнда дабыл қаққы және автоматтандырылған су бүріккіш құралдарын айтпағанда, қарапайым өрт сөндіру құралдары да жоқ. Өрт шыға қалса мұндағы 70 оқушынының өміріне қауіп төніп тұр. Мектеп-интернат директорының міндетін атқарушысының бұған да жауабы табылды. Айтуынша, өрт сөндіру құралдары мектептегі шаруашылық бөлімінің бөлмесінде сақтаулы тұр.
Мектеп-интернатқа жауапты білім беру ұйымына хабарласқанымызда, ондағылар мектеп-интернаттың жұмысына бұған дейін ешкімнен ешқандай арыз-шағым түспеген деп ақталды. Айтуларынша, заңгер Айман Омарованың әлеуметтік желідегі жазбасы шындыққа жанаспайды.
Айта кетейік, Айман Омарова Фейсбуктегі парақшасында аталған білім ордасының бірнеше суретін жүктеп, мұндағы оқушылардың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын жазған. Ғимараттың заңсыз салынғанын да тілге тиек еткен.

11 млн теңге бөлінді

Аудандық білім бөліміндегілердің бұл жағдайға айтар өз уәжі де бар екен. Біріншіден, олар ғимараттың барлық құжаттарын көрсетті. Құжатқа сәйкес, мектеп-интернат 2001 жылдық 11 мамырынан бастап заңды түрде осы мекенжайда, осы үйде тіркелген. Екіншіден, аталған мекеменің жөндеу жұмыстарына аудандық қазынадан қаржы бөлінгенін мәлімдеді.
– Биыл мектеп-интернатты қалыпқа келтіру үшін жөндеу жұмыстарына 11 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға ағымдағы жылы жөндеу өткізілмек. Дәлірегі, жылыту құбырлары ауыстырылады, асхана жөнделеді және материалдық-техникалық базаны реттейміз. Жаңа әжетхана саламыз. Жөндеу жұмыстары шілде айында басталмақ,- деді Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Нұрман Үсіпбеков.

Бюджет қаржысы қайда кетіп жатыр?

Заңгер Айман Омарова бұл мектептің мәселесін ағымдағы жөндеумен шешу мүмкін емес екенін айтады.
– Бәрін өз көзіммен көрдім. Ондағы жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бейбітшілік, баршылық заманда балалардың мұндай ортада тұруы өкінішті-ақ. Төсек жаймасы тапшы, барының өзі адам шошырлық. Тоқ көзін көрдіңіз бе? Байқаусызда тоққа түсуің мүмкін. Тіпті, киім шкафы да қарастырылмаған. Сонда бюджеттік қаржы қайда кетіп жатыр -дейді ол.
Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуалиевтің хабарлауын-ша, жөндеу жұмыстары кезінде, ондағы тәрбеленуші-оқушылар жақын маңдағы басқа оқу орындарына уақытша жайғасады.
– Мектеп-интернаттың ғимараты өте ескі. Іргетасының қаланғанына 50 жылдан асқан. Сондықтан да оны жөндеуден өткізу үшін біраз қаражат пен уақыт керек. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша балалар жақын маңдағы ғимаратқа көшіріледі,- деді Қайрат Әбдуалиев.
Қолда бар мәліметке сенсек, мектеп-интернаты маңындағы кейбір қосалқы ғимараттар сүрілуде. Алайда негізгі ғимараттарда оқу процесі жүруде. Балалар интернатты паналау-да. Олардың қашан басқа ғимаратқа көшетіні белгісіз. Біз бұл мәселені өз бақылауымызда ұстаймыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті