Мектеп бітіруші түлектердің кеші қымбат мейрамханаларда емес, мектептерде өтетін болады. Министрдің өзі пәрмен берген айтулы кештің нүктесі биыл қойылады ма? 25 мамырда даңғаза шумен өтетін кешті биыл шымкенттік мың жарымнан астам тәртіп сақшысы қадағалайтын болады.
Лимузин жалдау. Қызыл кілем. Қымбат көйлек. Голливудтық кештерден бір де кем емес қоштасу. Мұның бәрі де биыл болмауы тиіс. Мектеп бітіруші түлектердің көңіліне көлеңке түсіретін жаңалықты жуырда жаңадан тағайындалған министр айтқан болатын.
Қарапайымдылықты қанына сіңіріп үлгермеген ұрпақ биліктің тоқтамына құлақ асар ма? Дегенмен… Қаламыздағы №124 мектептің түлектері мектеппен қоштасу кешін өткізуден бас тартып отыр. Оқушылар «Біз артық шығынмен мектеп бітіру кешін өткізуге қарсымыз» дейді.
Мадина Жұманова, №124 мектеп оқушысы: «Біз 11 сынып оқушылары бітіру кешін асыра ысырапшылдықпен өткізуді артық деп санаймыз. Оның орнына мектебіміздегі аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға көмек бергеніміз абзал».
Түлектер қалта қағарлық қаржы жинап, желге шашқанша игі іске мұрындық болғанды жөн санапты.
Баян Есімова, №124 мектеп директоры: «Біздің мектебімізде аз қамтылған отбасыдан шыққан 23 оқушымыз бар. Соларға қалалық білім басқармасынан бөлінген лагерлерге тегін жолдама бар. Түлектер 23 оқушыға толығымен керекті киім кешектер мен оқу құралдарын алып беруге ұсыныстарын білдірді. Кешті өткізуге қарсылықтарын білдіріп отыр. Түлектеріміздің саналы болып қалыптасып келе жатқанынына біз қуанулымыз».
Тәртіп сақшылары дәл осы айтулы күнде қаладағы барлық мейрамхана, дәмханаларды сүзгіден өткізбек. Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Әшірбек Адеев, Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы: «Құқық бұзушылықтың алдын алу, түрлі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 24-26 мамыр аралығында полиция департаменті рейд өткізбек. Әр мектепке 10 қызметкерден бөліп бермек. Жалпы 1 400 -ге жуық полицейлер мектеп аумағында кезекшілікте болатын болып келісілді».
Бүгінде шымкенттік түлектер қатарластарына айтулы кешті өткізуден бас тартуға үндеу тастап жатыр. Білім басқармасы мектеп директорларымен арнайы жиын да өткізді. Тек мектеп бітіруші түлектердің «тойы» қарапайым өтсін деген бастама күркiреп басталып, күмiлжiп тоқтамаса болғаны…
Гүлжан Көшерова