Полицейлер мемлекеттік мекемелерді күзетуден босатылуы мүмкін

270

Түрлі реформалардан көз ашпай келе жатқан Ішкі істер министрлігі тағы бір сын тезінен өтпек. Алдағы уақытта тәртіп сақшылары мектептер мен мемлекеттік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден босатылуы мүмкін. Еліміздің бас полицейі аталған мекемелерді жеке күзет ұйымдарына тапсыру қажет деп санайды. Тас қамалға айналған мекендерді күзету мәселесі қалай жүзеге аспақ?

Қоғамда дендеп кеткен қылмыспен күресудің орнына полицейлер білім бесіктері мен мекемелерді қарауылдап жүр. Ішкі істер министрінің ащына айтқан уәжі осы.

Еліміздің бас полицейінің айтуынша ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы дайындалуда екен. Ол бойынша тәртіп сақшылары 748 нысанды күзетуден босатылады. Оның орнына жеке күзет құрылымдары полицейлердің орнын басады. Түрлі мекемелерге барғанда маңдайы тасқа тигендей полицейлердің тас қамалынан өте алмай ашынған қоғамның қоңырауы іспеттес журналистер де бұл бастаманы құптайды.

Лаура Нақыпқызы, тілші: «Мемлекеттік мекемелерден полиция күзетін алып тастау қажет дегенді қолдаймын. Себебі полицейлер халықтың қорғаны, көшедегі қоғамдық тәртіпті қадағалауы тиіс. Тыныштықты қорғауға қажет деп ойлаймын».

Ал қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы мемлекеттік мекемелерге турникеттер қойып, полицияға күзеттіру бұл халық пен биліктің арасын алыстату деп отыр. Оның соңғы нүктесі сорлатуы да мүмкін деп санайды.

Өмір Шыныбекұлы, ұстаз: «Дамыған елдерде халық пен мемлекеттік қызметкерлердің арасында ешқандай барьер жоқ. Бізде соңғы кезде пайда болды бірнеше полиция қойып қояды, рентген сияқты аппаратты қояды. Бұл салық төлеушінің ыза кегін тудыра береді. Түрлі кездерде мемлекеттерде дағдарыс болып тұрады. Сонда халық шаршап, әбіржіп жүрген кезде әлгіндей барьерге тірелген кезде оның ашу ызасы бұрқ ете қалуы мүмкін. Сонда халық пен мемлекеттің арасында баррикада құрылуы мүмкін».

Мектептерді де, мемлекеттік мекемелерді де жеке күзет ұйымдарының қарауына беру бастамасы министрліктің Бақылау кеңесінің қарауына ұсынылмақ. Әдеттегідей бұл ұсыныстардың қашан қолданысқа енгізілетіні айтылған жоқ. Сол себептен де, Ішкі істер саласының бұл жобасы шабынан түртпесе шабуды ойға да алмайтын шабан ат секілді күресінде қалып кетпесе деңіз…

Гүлжан Көшерова