ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкентке келді

249
Фото: primeminister.kz.

ҚР Премьер-Миинстрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын тексерді.

«Тұран» шағын ауданында ұзындығы 3,3 шақырым болатын үш магистральді көшенің бірі — жол инфрақұрылымының құрылысы қаралды. Премьер-Министрге осы жылдың соңына дейін жолдың пайдалануға берілетіні баяндалды.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатқан жерде болып, жобаны уақытылы аяқтау мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

«Тассай» индустриялық аймағының аумағында Премьер-Министр А. Мамин «Asia Trafo» ЖШС жаңа зауытының технологиялық өндірістік процесімен және электротехникалық зертханасының жұмысымен танысты. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын қуаттылықтары 110-220, 500 кВ дейін жететін трансформаторлар шығарады. Биыл 7 млрд теңге сомасына өнім шығару жоспарланған. Жыл сайынғы көлемі 120 бірлікті құрайтын жоғары сапалы заманауи өндірісті жергіліктендіру ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандырып, энергетикалық жабдықтардың 40%-ға жуығын ТМД, Иран, Ауғанстан, Пәкістан және т.б. елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 220 адам жұмыс орындарымен қамтылған.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды тексеру қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысына құрылуы қолда бар аумақтарды барынша толықтыруға бағытталған «Жұлдыз» көпсалалы индустриялық аймағы және мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін қамтамасыз етуге бағытталған «Шымкент» агро-индустриялық аймағы таныстырылды.

Елбасы тапсырмасы бойынша дамытуға 600 млрд теңге қаражат бөлінген «қарапайым заттар экономикасы» мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Премьер-Министрге халық тұтынатын тауарлар өндірісін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны баяндалды. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда мегаполис үлесіне Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көлемінің 23% тиесілі.

@primeminister.kz