Сайрамдықтар су құбырының кесірінен баспанасыз қалуы мүмкін

317

Сайрам тұрғындарының бейбітшілікпен салған үйлерін 10 жылдан кейін сот өкілдері даулап келді. Тұрғындар көше астына жүргізілген су құбыры салдарынан үйсіз қалуы мүмкін. Тіпті, оларға өтемақы да төленбейді. Өйткені бұған “Су ресурстары маркетинг” ЖШС-і де, әкімшілік те кінәлі емес екен. Енді жер телімін бұрынғы әкім шешімімен алған тұрғындар көмекті кімнен күтерін білмей дал.

Наурыз көшесі тұрғындарының бас ауруына айналған жер дауы өткен жылдан басталған. 10 жыл бойы тып-тыныш өмір сүрген оларды соттан келген қағаз уайымға салыпты. Сөйтсе, су құбыры жүрген жерге үй салуға тиым салынған екен. Бірақ мұны бұрынғы әкім ескермеген сыңайлы.

«Су беретін водоканал сендерге ешқандай көмек бере алмаймыз дейді. Бұз деген уақытта бұзып тастаймыз. Ертең трактор әкелеміз, көшеде қаласың дейді. Осынша бала -шағамен халық қайда барады? Барлығы несие алып, үй соқты. Оның несиесі де жабылған жоқ» дейді ашынған тұрғындар.

Жылдар бойы жиған — тергенімен салынған үйді тұрғындар бұзуға бермейтіндерін айтып шу шығарды. Себебі үй құлатылса, өтемақы төленбейтінін естіген. Ал, тығырыққа тірелген елге аудан әкімдігі өз сүйінші жаңалықтарымен келіпті. Айтуларынша, бүгін-ертең үйсіз қалуы мүмкін отбасылар жер кезегіне қойылмақ.

Дамир Сыдықов, Қарасу ауылдық округі әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда ауыл азаматтарына жер беру бірінші кезекте тұр. Кезекке тұрғандарға Қарасу ауылына кіре берістен жер учаскелері қаралған. Азаматтар үйді өздері салып алады».

Шарасыз қалған ел көңілін бұл жаңалық жұбатпады. Себебі халықтың көпшілігі үйді несиеге салып, одан құтылып та үлгермеген. Ашынған жұрт соңғы жауапты “Су ресурстары маркетинг” ЖШС-нен қүтіп отыр. Өйткені бұған дейін жоспарда болған 4 бірдей үйді басшылық мәмілеге келіп, тізімнен шығарған болатын.

Назерке Үкібасова